2029 жылы өтетін Қысқы Азия ойындарына орай Алматыда жаңа спорт нысандары салынбайды
Фото: ChatGpt арқылы жасалды
Алматыда 2029 жылы өтетін Қысқы Азия ойындарын өткізу үшін жаңа спорт нысандарын салу жоспарда жоқ. Мұны Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев Сенатта өткен брифингте мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Серік Жарасбаевтың айтуынша, Азиаданы өткізу құқығын алмас бұрын қаладағы қолданыстағы спорт инфрақұрылымына тексеріс жүргізілген.
“Қолда бар инфрақұрылым халықаралық стандарттарға толық сай келеді және Азиада бағдарламасын түгел қамтамасыз ете алады. Сондықтан Қысқы Азия ойындарын өткізу үшін қосымша жаңа спорт нысандарын салудың қажеті жоқ. Оған 2011 жылғы Азия ойындары мен 2017 жылғы 28-қысқы Универсиаданы сәтті өткізгеніміз дәлел бола алады”, – деді вице-министр.
Серік Жарасбаевтың сөзінше, көліктердің жүрісін дұрыс ұйымдастырып, жарыстардың кестесін тиімді құру арқылы қаладағы кептеліс мәселесін шешуге болады.
“2017 жылы да кептеліске байланысты айтарлықтай қиындықтар болмады. Қала бұл міндетті тиімді атқарды. Қазақстанның халықаралық спорттық іс-шараларды өткізуде тәжірибесі жеткілікті. Көлік қозғалысын реттеуге жауапты органдардың бірлескен жұмысы көмектеседі деп ойлаймын”, – деді ол.
Сонымен қатар вице-министр 2029 жылы өтетін Қысқы Азия ойындарына қаржы әлі бөлінбегенін айтты. Шешім қабылдаған соң алдағы уақытта хабарлаймыз деді.