2026 жылы салық режимін қалай таңдау керек: Кәсіпкерлерге маңызды ескерту жасалды
Фото: pexels.com
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енді. Соған сәйкес арнайы салық режимдерінің саны үшке дейін қысқартылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкерлерге қандай режимдер қарастырылғанын және қай жағдайда 2026 жылғы 1 наурызға дейін салық режимін таңдау туралы хабарлама беру қажет екенін түсіндірді.
Жаңа Салық кодексінде үш арнайы салық режимі қарастырылған:
- Өзін өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнайы режим
- Оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы режим
- Шаруа және фермер қожалықтары үшін арнайы режим
"Бұған дейін арнайы режимдер саны жеті болған, ал қазір оңтайландырылып, үш режим ғана қалды", – деп атап өтті МКК Арнайы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерқанат Шыңберген.
Кәсіпкерлер нені білуі керек?
1) Оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық
Осы режимді қолдануды жоспарлаған салық төлеушілер 2026 жылғы 1 наурызға дейін салық режимін таңдауы туралы хабарлама тапсыруға тиіс.
Егер хабарлама белгіленген мерзімге дейін тапсырылмаса, кәсіпкер автоматты түрде жалпыға бірдей салық салу тәртібіне ауыстырылады. Жаңа режимге ауысу күні 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап есептеледі.
Хабарламаны мына жолдармен беруге болады:
- Салық төлеуші кабинеті арқылы (Жүйеде “Құжат тапсыру” → Салық режимін таңдау туралы хабарлама)
- “E-Salyq Business” мобильді қосымшасы арқылы (“Сервис” → ЖК салық режимін өзгерту)
- Тұрғылықты жері бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасына қағаз түрінде
- Банк қосымшалары арқылы, мысалы қазір сервис Kaspi Bank қосымшасында бар. (Мемлекеттік қызметтер → ЖК реквизиттері мен салық режимін өзгерту).
2) Өзін өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режимге көшу
2026 жылғы 1 наурыздан бастап салық органдары 2025 жылы патент негізіндегі арнайы салық режимі немесе арнайы мобильді қосымшаны пайдаланатын арнайы салық режимін қолданған азаматтарды жеке кәсіпкер ретінде есептен автоматты түрде шығарады. Есептен шығару күні ретінде 2026 жылғы 1 қаңтар танылады. Сонымен қатар кәсіпкердің өз еркімен есептен шығу туралы өтініш беру құқығы сақталады. Бірақ есептен автоматты түрде шығару келесі жағдайда жүргізілмейді.
Егер салық төлеуші салық режимін таңдау туралы хабарлама беріп, басқа режимді таңдай алады. Осы кезде өзін өзі жұмыспен қамтығандарға арналған режимді қолданудың басталу күні “E-Salyq Business” мобильді қосымшасында бірінші чектің қалыптасқан күні болып есептеледі.
3) Шаруа және фермер қожалықтары үшін режим
Осы режимге көшу автоматты түрде жүзеге асырылады және хабарлама беруді талап етпейді. Салық органдары бұл ауыстыруды 2026 жылғы 1 наурызға дейін өздері жүргізеді.
- Жаңа салық режимі: Арнайы салық режимін кімдер пайдалана алады
- Салық пен айыппұл өсіп, қымбатшылық басталады: 2026 жылдан бастап Қазақстанда не өзгереді?
Еске салайық, бұған дейін мәжіліс депутаты Айтуар Қошмамбетов жаңа Салық кодексіндегі кей нормалар шағын бизнеске салмақ түсіріп, реформаларды бір уақытта енгізу “шоктық әсер” беруі мүмкін екенін айтты.
"Түрмеде отырған баламды тағы 9 жылға соттап жіберді": Түркістандық ата-ана баласына жазықсыз жала жабылғанын айтып, Тоқаевтан араша сұрады