Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2026 жылы Қазақстанда айыппұл мөлшері қалай өзгереді

Қазақстанда 2026 жылы айлық есептік көрсеткіш 4325 теңгеге өседі. Сол себепті айыппұлдар да артпақ. Stan.kz редакциясы 2026 жылы айыппұлдар қанша теңге болатынын есептеді. 

2026 жылы жол ережесін бұзғандарға салынатын айыппұл:

  • Жылдамдықты 10-20 км/сағ асырса, 5 АЕК – 21 625 теңге;
  • Жылдамдықты 20-40 км/сағ асырғаны үшін 10 АЕК – 43 250 теңге;
  • Жылдамдықты 40 км/сағ асырғанда, 20 АЕК – 86 500 теңге.

Бір жыл ішінде қайталанса, 30 АЕК немесе 129 750 теңге айыппұл салынады.

Жүргізуші куәлігі болмай, көлік жүргізетіндер 20 АЕК немесе 86 500 теңге айыппұл көзделген. Көлік құралын басқару құқығынан айырылғандар көлік жүргізсе, 50 АЕК немесе 216 250 теңге айыппұл төлейді не 20 тәулікке қамауға алынады.

Жол белгілерінде көрсетілген талаптарды сақтамағаны үшін айыппұл мөлшері – 3 АЕК яғни 12 975 теңгеге тең.

Жүргізуші бағдаршамның қызыл түсіне өтіп кеткен жағдайда 10 АЕК немесе 43 250 теңге айыппұл арқалайды. Құқықбұзушылық қайталанса, айыппұл мөлшері 15 АЕК немесе 64 875 теңгеге дейін артады.

Жол қозғалысы ережелерін бұзып, жаяу жүргіншілер жолдарымен, жол жиегімен немесе тротуарлармен жүрген көлік жүргізушілеріне 15 АЕК не 64 875 теңге айыппұл салу көзделген.

Автотұрақ ережелерін бұзған жағдайда немесе көлікті тұраққа дұрыс қоймаса 5 АЕК немесе 21 625 теңге айыппұл төлейді. Тротуарда, гүлзарларда, балалар және спорт алаңдарындағы тұрақта, сондай-ақ басқа да автомобильдердің жүруіне кедергі келтірген жағдайда 10 АЕК яғни 43 250 теңгеге дейін айыппұл салынады. Ақылы тұрақ ақысын төлеуден жалтарғандар 3 АЕК немесе 12 975 теңге айыппұл арқалайды.

Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзған, қауіпсіздік белбеуін тақпай, көлік басқарған кезде телефонды пайдаланған жүргізушілер 5 АЕК көлемінде немесе 21 625 теңге айыппұл төлейді.

Жаяу жүргіншілер үшін

Жол жүру ережесіне бағынбайтын жаяу жүргіншілер үшін айыппұл мөлшері 2 АЕК немесе 8650 теңгеге өскен. Бір жыл ішінде қайта ереже бұзсаңыз, айыппұл көлемі 10 АЕК-ке немесе 43 250 теңгеге дейін артады. 

Басқа да айыппұл түрлері

Полиция қызметкерлері мен тергеушілердің қызметтік міндеттерін атқару кезінде олардың заңды өкімдеріне бағынбайтындар немесе олардың жұмысына кедергі келтіргендер 30 АЕК – 129 750 теңге айыппұл төлейді немесе 15 тәулікке дейін қамауға алынады.

Қоғамдық орында түкіргені, тыныштықты бұзғаны үшін, сондай-ақ белгіленбеген жерлерде қоқыс лақтырғаны үшін 5 АЕК немесе 21 625 теңге айыппұл салынады. Құқықбұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері 10 АЕК-ке немесе 43 250 теңгеге артады.

Ал рұқсат етілмеген жерлерде фейерверк атқаны үшін 20 АЕК, яғни 86 500 теңге, пиротехниканы тәркілеу шарасы қарастырылған.

Қырмызы Скендирова
Сейсенбі, 23 Желтоқсан, 2025 23:30