Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2026 жылғы қысқы Олимпиадаға арналған ұлттық құраманың киімі жаппай сынның астына қалды

форма

Фото:facebook.com/nikolaj.enelane

Туризм және спорт министрлігі 2026 жылы Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін қысқы Олимпиада ойындарында ұлттық құраманың киетін ресми спорттық киімін таныстырды. Алайда ұсынылған форма жанкүйерлер тарапынан жаппай сынға ұшырады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 1bol.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Олар киімнің тым сүреңсіз екеніп айтып, наразылық білдіруде.

"Олимпиада – сән мен салтанаттың алаңы, киім де ашық-жарқын болуы керек", "Неге қап-қара? Көзге ерсі көрінеді", "Ашық сары не ұлттық түстерді қолдануға болмай ма?", "Әлемнің түкпір-түкпірінен спортшылар келеді. Біздің спортшылардың қап-қара киініп жүргені ұнай ма?", "Барахолкадан алған сияқты", "Бұл шынымен Олимпиада формасы ма?" – деген пікірлер әлеуметтік желіде толассыз жазылуда.

Журналист Николай Энелане де жаңа экипировкаға қатаң сын айтып, бұл мәселе жылдар бойы өзгермей келе жатқанын атап өтті.

"Дизайндағы креативтің жоқтығын бұған дейін де талай рет айттық. Экипировка сапасы мен “қисық” тендерлерге қатысты тіпті қылмыстық істер қозғалды. Бірақ соған қарамастан, ештеңе өзгермеді", – деп жазды ол.

Журналистің айтуынша, Қазақстан құрамасының киімі өзге елдердің командаларымен салыстырғанда көзге түспейді.

"Әлі де сол баяғы сүреңсіз қалып. Басқа құрамалардың жанында біз кадрға сирек ілінетін қосалқы қызметкерлер сияқты көрінеміз", – дейді ол.

Әрине, шетелдік командалар көбіне танымал сән брендтерімен жұмыс істейді. Алайда Қазақстанда да лайықты баламалар жеткілікті. Энелане жауапты органдардың отандық дизайнерлермен неге жұмыс істемегеніне наразы.

"Басқа елдерде ірі сән брендтері бар екені түсінікті. Бірақ неге Қазақстандағы жаңа брендтермен әріптестік орнатпасқа? “Абай фабрикасы”, Global Nomads, Qazaq Republic, Samidel, QURAQ KORPE, Qazaq Mood, Shanyraq сынды этностиль мен заманауи ұлттық дизайн ұсынатын 20-ға жуық отандық бренд бар", – деп атап өтті ол.

Журналистің пікірінше, мүмкіндік болғанымен, мемлекет тарапынан нақты ниет жоқ.

"АҚШ құрамасының экипировкасына қараңызшы – стильдің сан алуандығы бүкіл әлемнің назарын аударады. Ал бізді әлем қап-қара күртешелермен ғана таниды", – деп түйіндеді Энелане.

қысқы ОлимпиадаФото:facebook.com/nikolaj.enelane скриншот

Қазіргі уақытта ұлттық құраманың олимпиадалық формасы Халықаралық Олимпиада комитетінің қарауына жіберілген. Ресми мәліметке сәйкес, экипировка бюджеттен тыс қаражат есебінен сатып алынған.

Айта кетейік, Қазақстан әзірге шорт-трек, конькимен жүгіру және мәнерлеп сырғанау спорт түрлері бойынша 23 олимпиадалық лицензияға ие. Ұлттық құраманың түпкілікті квоталары 2026 жылдың қаңтар айының соңында белгілі болады.

Қысқы Олимпиада ойындары 2026 жылғы 6–22 ақпан аралығында Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтеді. Байрақты бәсекеде 38 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Ақерке Өмірхан
Сейсенбі, 30 Желтоқсан, 2025 23:16