Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2026 жылдан жақсы жаңалық күтетіндер саны азайған: Қазақстанның үміт индексі екі есеге түсіп кетті

үміт индексі

Қазақстанда жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша үміт индексі төмендеп кетті. Gallup International 2025 жылдың қараша-желтоқсан айларында 60 елде шамамен 60 000 респонденттің қатысуымен сауалнама өткізген. Нәтижесінде елде 2026 жылға үмітпен қарайтындар саны азайғаны анықталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Респонденттерге: "Сіздің ойыңызша, алдағы жыл өткен жылмен салыстырғанда жақсырақ бола ма, әлде нашарлай ма, немесе өзгеріссіз қала ма?" деген сұрақ қойылған. Үміт индексі "Жақсырақ" және "нашар" жауаптарының айырмасы негізінде есептелді. 

Қазақстанда төмендеу үрдісі біршама ертерек байқалғанымен, 2024 жылы ол айтарлықтай өзгеріске ұшырады, алайда 2025 жылы әлемнің көп басқа мемлекеттеріндегідей теріс динамика қайта орнықты. Елдегі сауалнаманы BISAM Central Asia әлеуметтанулық және маркетингтік зерттеулер орталығы жүргізген. 

“50%-дан асатын ең жоғары көрсеткіштерді Кения (67%), Сирия (61%), Сауд Арабиясы (58%) және Оңтүстік Африка Республикасы (52%) елдері көрсетті. Қоғамдық көңіл күй көрсеткіштері дәстүрлі түрде жоғары болып келетін Сауд Арабиясын есептемегенде, бұл төрт елде түбегейлі саяси өзгерістер орын алған немесе ауқымды экономикалық реформалар басталғанын байқаймыз. Дәл осы өзгерістер болашаққа деген үміттің артуына себеп болғаны анық”, – делінген зерттеушілердің хабарламасында. 

үміт индексі

Қазақстан сауалнамаға қатысқан посткеңестік он елдің ішінде Үміт индексі бойынша алғашқы бестікті түйіндеді. Оның артында соғыс жағдайындағы Ресей мен Украина, сондай-ақ Еуропалық Одаққа интеграциялану барысында халықтың көпшілігі үшін ауыр болған мәселелерді бастан өткеріп жатқан Балтық елдері қалды.

Сауалнама жүргізілген елдердің үштен бірі немесе 17 мемлекет Үміт индексінің теріс белгілерін көрсеткен. Гананы (-26%) қоспағанда, бұл елдердің барлығы Еуропаға жатады. Антирейтингтің айқын көшбасшысы Болгария (-36%) болды, бұған елдегі жалғасып келе жатқан саяси тұрақсыздық әсер етті. Ал антирейтинг тұғырындағы көршілері біздің түсінігімізде әл-ауқаты жоғары саналатын Австрия мен Бельгия болды (екеуі де -26%). Еуропалық Одақтың көшбасшы елдері − Франция (-9%) мен Германия (-5%) да Үміт индексінің теріс көрсеткіштерін көрсетті. Рейтингке минус белгісімен ЕО-тың барлық жаңа мүшелері мен Еуропалық Одаққа қабылдануға ұмтылып жүрген мемлекеттер − бұрынғы "социалистік лагерь" елдері енді.

Назархан Уән
Жұма, 23 Қаңтар, 2026 16:30