Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2026 жылдан бастап жергілікті бюджеттерге қосымша 100 млрд теңгеден астам кірістер аударылады

Фото: Stan.kz

2025 жылғы 2 маусымда мәжілісте өткен үкімет сағатында премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин үкімет тұрақты кірістерді республикалық бюджеттен жергілікті бюджеттерге аударатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жұманғарин 2020 жылдан бастап коронавирус пандемиясы, геосаяси дағдарыс және ЕАЭО-ның жекелеген елдеріне қарсы санкциялардың енгізілуі бюджет кірісіне айтарлықтай әсер еткенін атап өтті. Оның сөзінше, дағдарыстарға қарамастан, жергілікті бюджет кірісінің өсуі байқалады.

"2026 жылдан бастап жаңа Бюджет кодексінде жыл сайын 100 миллиард теңгеден астам кірістерді аудару қосымша қарастырылған. Бұдан бөлек жаңа Бюджет кодексінде мақсатты бағдары бар "арнайы түсімдер" деген кірістердің жаңа санаты қарастырылған. Жергілікті бюджеттің осы санатына қазіргі түсімдер де, жаңа түсімдер де енгізіледі. Осылайша, 2026 жылдан бастап тұрақты кірістің 40 пайызға жуығы жергілікті бюджетке жинақталады", – деді Серік Жұманғарин.

Аудандық бюджеттердің қаржылық дербестігін нығайту мақсатында шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінен түсетін корпоративтік табыс салығы мен жеке табыс салығы аудандық және облыстық маңызы бар қалалар бюджеттеріне аударылды.

Кейінгі 6 жылда жергілікті бюджет кірістері 2019 жылғы 2,5 триллион теңгеден 2024 жылы 7,9 триллион теңгеге немесе үш еседен астамға өскен.

Бүгінде Қазақстандағы 20 облыстың 17-сі субвенциялық болып саналады. Өңірлердің орталыққа тәуелділігі 49% деңгейінде қалып отыр. Қалған үш өңір – Алматы мен Астана қалалары мен Атырау облысы донор деп танылған. Алайда донор-өңірлер де орталықтан қосымша трансферт алып отыр.

Аида Тақабаева
Дүйсенбі, 02 Маусым, 2025 12:03
Талқылау