Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2026 жылдан бастап қазақстандықтар баспанасын апаттан сақтандыруға міндеттелмек

Фото: depositphotos.com

Қазақстандықтар келесі жылдан бастап баспанасын апаттан сақтандыруға міндеттелмек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев мәлімдеді. Сақтандыру құны 50 мың теңгеге дейін болады жоспарланған. Вице-премьер бұл қалалықтар үшін қолжетімді сома деп санайды. Ал ауыл халқына 1 мың теңге шамасында болады дейді. Қызмет құны мүліктің үлкен-кішілігіне, орналасқан аймағына қарай белгіленбек.

“Үлкен-үлкен қымбат үйлердің иелері егер жылына 50 мың теңге төлесе ол қолжетімді, қолайлы болады деп ойлаймын. Ал егер қарапайым үйлер болса, мысалы ауылдық жерлерде 1-2 мың теңге болатын болады. Одан жоғары болмайтын шығар, менің ойымша”, – дейді Қанат Бозымбаев. 

Бозымбаевтың сөзінше, халық берген ақшаны мемлекет өзі басқарады. Қаржы нарығын реттеу агенттігіне бағынатын мемлекеттік сақтандыру компаниясы құрылмақ.


2026 жылдан бастап бірнеше баспанасы бар азаматтарға салық көлемі артады

Жаңа Салық кодексі: Қазақстанда пәтер сату қиын әрі қымбат болады


“Сақтандыру компаниялары келісімшартқа қарай өтемақы төлейді. Алайда қомақты шығынды өтеп бере алатындай жағдайда емес. Ал мемлекет абыройына нұқсан келтіргісі келмейді. Сол себепті де қаржыны жинау мен басқаруды өз жауапкершілігіне алмақ”, – дейді сақтандыру компаниясы басшысының орынбасары Шыңғыс Әміржанов. 

Бозымбаевтың айтуынша, бұл тәртіп табиғаттың 3 апаты төніп тұрған елді мекендерді ғана қамтиды. Яғни, су басу, орман өрті және жер сілкінісі қаупі жоғары өңірлерде ғана талап етілмек. 

Еске салсақ, 2024 жылы 11 маусымда үкімет халықты табиғи апаттан қорғауға бағытталған тиісті заң жобасын әзірлеу туралы шешім қабылдаған еді. “Ашық НҚА" порталында жарияланған заң жобасында мұндай сақтандырудың жылдық құны 1 мың теңгеден 20 мың теңге аралығында болуы мүмкін екенін жазған едік. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 07 Тамыз, 2025 21:18
Талқылау
`