Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2026 жылдан бастап Қазақстанда қандай саяси өзгерістер болады – Сарапшылар пікірі

Фото: Stan.kz 

2026 жыл Қазақстан үшін экономикалық және саяси өзгерістерге толы жыл болмақ. Осы орайда Stan.kz саясаттанушылардан келер жылы ел саясатында нақты қандай өзгерістер болатынын сұрап білді. 

“Бюджетті толтыру үшін салықты көтеру мәселені шешпейді”

Саясаттанушы Ғазиз Әбішевтің пікірінше, келер жылы Қазақстанда референдум өтіп, парламент бірпалаталы жүйеге ауысуы ықтимал. 

“2026 жылы конституцияға түзетулер бойынша референдум өтіп, парламент бірпалаталы жүйеге ауысуы мүмкін. Сол жағдайда жылдың екінші жартысында жаңа заңнаманы жүзеге асыру үшін кезектен тыс парламент сайлаулары өткізілуі ықтимал. Алдағы сайлауларда кәсіби, мықты және тиімді парламенттің сайланатынына үміт артамыз”, – деді саясаттанушы. 

Сондай-ақ саясаттанушы ел экономикасына да тоқталып өтті. Ғазиз Әбішевтің пікірінше, Қазақстан әлемдік экономикаға ілесу үшін бар күшін салу керек. 

“Соңғы 25 жыл ішінде еліміз мұнайға тым тәуелді болып қалды. Бірақ қазіргі мұнай бұрынғыдай емес. Қазір баррельге 60 доллар (30 мың теңгеден аса). Ал 2000–2002 жылдары 30 доллар (15 мың теңгеден аса) болған еді. Сол 23 жылдың ішінде инфляция үш есе артты, яғни сол 30 доллар қазіргі 90 долларға тең болар еді. Бірақ мұнайдың бағасы қазір бар болғаны 60 доллар ғана. Бұл сол кездегі 30 доллар сияқты құнсыз, ал бұрынғы 20 доллардай ғана құнды болып отыр. Демек, мұнай қажеттіліктерімізді толық қамтамасыз ете алмайды деген сөз. Сонымен қатар біз күрделі импортты көп тұтынамыз, өйткені елде күрделі өндіріс жоқ. Сол себепті экономиканы қайта құру, өндірісті дамыту, импортты алмастыру, жоғары қосылған құны бар кәсіпорындарды құру, жаңа жұмыс орындарын ашу қажет. Мұндай кәсіпорындар басқа салаларды да дамыта алады. Бірақ оны жүзеге асыру үшін қаржы керек”, – дейді саясаттанушы. 

Ғазиз Әбішевтің айтуынша, ел бюджетін толтыру үшін шетелден инвестиция тарту қажет. 

“Салықты көтеру арқылы бюджетті толтыруға бағытталған қаражатты жинау бір шешім. Бірақ бұл барлық мәселені шешпейді. Елге шетелдік инвестициялар қажет. Шетелдік инвесторлардың қаражаты Қазақстан экономикасына тартылуы тиіс. Сондықтан президент әлемді аралап, АҚШ, Ресей, Қытай, Жапонияға барып, әрқайсымен келіссөздер жүргізіп, қажетті инвестицияларды біртіндеп жинауға тырысып жатыр. Бұл елдің дамуына жол ашады. Алайда инвесторлардың шынымен келетіні я келмейтіні әзірге белгісіз. Бұл олардың ұсынатын тиімді шарттарымызға және әлемдік экономикалық конъюнктураның қалай дамитынына байланысты”, – деді Ғазиз Әбішев. 

“Қосылған құн салығының өсуі халықтың билікке сенімін әлсіретті”

Саясаттанушы Қазбек Бейсебаевтың пікірінше, президенттің шетелдік сапарлары, екіжақты және көпжақты форматтағы кездесулері экономикалық жағынан маңызды. 

“Сапарлар мен кездесулер барысында миллиардтаған долларлық әртүрлі келісімдерге қол қойылды. Шынында, сол келісімдердің ішінде көптеген ниет хаттары бар. Бірақ олар біздің серіктестеріміздің әртүрлі бағытта тығыз ынтымақтастыққа ниетті екенін көрсетеді. Әрине, бұл келісімдерден бірден нәтиже күту қиын. Бірақ олар уақыт өте келе бірлескен жобаларды іске асыруға және қажетті инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді. Менің ойымша, бұл келісімдер контрагент елдердегі жағдайға әсер етпейді. Себебі біз олардың негізгі сауда-экономикалық және саяси серіктестері саналамыз”, – дейді саясаттанушы. 

Сондай-ақ саясаттанушы келер жылы Қазақстанда парламент реформасы болатынын айтты. 

“2026 жылы парламент реформасы болады. Демек, конституцияға өзгерістер енгізілуі және конституциялық түзетулер бойынша референдум өтуі мүмкін. Сол себепті, түзетулер мен парламент реформасынан кейін келесі жылдың соңында кезектен тыс сайлау өткізілуі ықтимал”, – дейді Қазбек Бейсебаев. 

Сондай-ақ саясаттанушы Қазбек Бейсебаев 2025 жылы болған саяси шешімдерге тоқталды. 

“2025 жылы биліктің сағат белдеуін бекіту туралы соңғы шешімін маңызды оқиға ретінде атап өтуге болады.  Көпшілік есінде болса, билік бұрынғы сағат белдеуін қайта енгізуге қатысты өтінішті қанағаттандырмады. Кейін соттар үкіметтің шешімін қолдады. Бұл теріс шешім азаматтардың “тыңдайтын мемлекет” концепциясына сенімін әлсіретті. Сонымен қатар, Қосылған құн салығының өсуі де халықтың сеніміне кері әсер етті. Бұл шешім бірқатар тауарлар мен қызметтердің бағасының өсуіне ықпал етіп, азаматтардың қалтасына ауыртпалық түсіреді”, – дейді саясаттанушы.  

Саясаттанушының сөзінше, осы екі оқиға өткен жылы маңызды болды және елдегі жалпы саяси жағдайға әлі де әсерін тигізеді. 

“АҚШ көшбасшы рөлінен айырылды”

Ал саясаттанушы Талғат Қалиевтің пікірінше, әлемдік жағдайға қатысты геосаяси ахуал толықтай турбулентті күйге енді.

“АҚШ өз еркімен жаһандық көшбасшы рөлінен бас тартып отыр. Ал бұл жағдайда Қытай өз ықпалын күшейте түседі. Қазір болашақ әлемнің архитектурасы қалыптасып жатыр. Бірнеше ғасырдан кейін Қытай қайтадан супердержаваға айналуы мүмкін. Егер АҚШ қайтадан үстемдігін қайтарғысы келсе, онда оған ғажайып жасауға тура келеді”, – дейді саясаттанушы.

Ресейге қатысты пікірінде Талғат Қалиев Ресейге ескерту жасады. 

“Егер Ресей Венесуэлада гибридті сценарий ойнауға тырысса, Дональд Трамп мұны кешірмейді. Алайда Мәскеуде бұл азғырудан бас тарта алмай қалуы да әбден мүмкін”, – дейді ол.

Келер жылы Ресей-Украина соғысы аяқтала ма?

Еуропалық сарапшылар пікірі

Chatham House зерттеу орталығының сарапшыларының пікірінше, Ресей мен Украина арасындағы соғыс 2026 жылы аяқталуы мүмкін деген болжам бар. Алайда бұл сценарий нақты әрі тұрақты бейбіт келісімге емес, уақытша саяси ымыраға негізделуі ықтимал.

“2025 жылдың соңы мен 2026 жылдың басында тараптар соғысты әрі қарай жалғастыру экономикалық және саяси тұрғыдан шығын екенін түсіне бастайды. Бұл жағдай келіссөзге келуге ықпал етуі мүмкін. Дегенме соғыстың толық аяқталуынан гөрі, атысты тоқтату немесе қақтығыстың “тоқырау күйіне” өту ықтималдығы жоғары”, – дейді сарапшылар. 

Chatham House сарапшыларының мәліметінше, қауіпсіздік кепілдіктері, аумақ мәселесі және санкциялар тақырыбы әлі де мәселе туындатып отыр. Сондықтан 2026 жыл соғыстың соңғы нүктесі емес, жаңа геосаяси тепе-теңдіктің бастауы болуы мүмкін дейді сарапшылар. 

Америкалық сарапшылар пікірі

CSIS (АҚШ-тағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы) сарапшыларының айтуынша, Ресей мен Украина арасындағы соғыс 2026 жылы автоматты түрде аяқталады деп айтуға негіз жоқ. Олардың бағалауынша, қақтығыс ұзақ мерзімді сипатқа ие болып, бірнеше жылға созылуы мүмкін.

CSIS талдаушыларының пікірінше, соғыстың тағдыры тек майдандағы жағдайға емес, АҚШ пен Еуропаның Украинаға қолдау деңгейіне, Ресей ішіндегі экономикалық және саяси қысымға байланысты. Егер Батыс елдерінің қолдауы әлсіресе, қақтығыс форматы өзгеруі мүмкін. Бірақ бұл бейбітшілік орнайды деген сөз емес.

Орталық сарапшыларының пікірінше, 2026 жыл соғыстың аяқталуынан бұрын, қос тарап шаршап, келіссөздер жиілеп, “ұзақ уақыт тоқырау” сценарийі қалыптасуы мүмкін.

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 31 Желтоқсан, 2025 10:00