2018 жылдан бастап ақшалай төленетін көмек көрсетіледі
Бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 2018 жылдың қаңтарынан жаңа форматтағы атаулы көмек енгізілетінін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«100 нақты қадам» жоспарында және Елбасының биылғы жылғы халыққа Жолдауында берген тапсырмаларын орындау мақсатында 2018 жылдан бастап еңбек және қамсыздандыру саласында бірқатар бағдарламалар іске асқалы отыр. Соның бірі – 2018 жылдың қаңтарынан енгізілетін жаңа форматтағы атаулы көмек. Мұндағы ең үлкен өзгеріс аз қамтамасыз етілген азаматтарға немесе отбасыларға берілетін атаулы әлеуметтік көмек кешенді болып, ол өз ішінде 3 түрлі мемлекеттік қолдауды қамтып отыр», – деді министр.
Оның айтуынша, біріншіден, азаматтарға немесе отбасыларға бүгінгідей ақшалай төленетін көмек көрсетіледі. Ол ай сайын немесе алушының өтінішіне сәйкес 6 айға шартты түрде берілуі мүмкін.
«Екіншіден жұмыс жасындағы және еңбекке қабілеті азаматтар мемлекет есебінен оқуға, жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына жіберіледі. Сонымен қатар өз ісін ашуға немесе бизнесін кеңейтуге мүмкіндік алады», – деді Тамара Дүйсенова.
Министрдің сөзіне қарағанда, үшіншіден қажеттілігін қарай мүмкіндігі шектеулі отбасы мүшелеріне мемлекет тарабынан кепілдендірілген атаулы әлеуметтік көмек көрсетілетін болады.
«Жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті енгізу үшін үстіміздегі жылдың 1 шілдесіне дейін қажетті нормативтік-құқықтық актілер мен автоматты түрде есептейтін ақпараттық жүйелер толық дайындалып, облыс, аудан және қала әкімдіктеріне жеткізілді», – деді ол.
Тағы да оқыңыз:
Елімізде дәрі-дәрмек бағасы реттелетін болды
Қазақстан ауруханаларында педиатрия бөлімдері қайта ашылады
Депутаттар ЖОО-ға түсетін мектеп бітірушілерді ҰБТ-дан босату туралы ұсыныс айтты