"201 сағаттық жұмысқа 6-ақ мың теңге": Теміртауда жедел жәрдем қызметкерлері жалақыны көтеруді талап етіп, Тоқаевқа жүгінді (видео)
Фото: Видеодан скрин
Теміртау қаласының жедел жәрдем қызметкерлері Тоқаев пен Денсаулық сақтау министріне жүгінді. Олар биліктен шектен тыс ауыр жұмыс істейтінін айтып, жалақысын көтеруді сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жедел жәрдем қызметкерлері жалақының аздығынан бөлек, көліктері тозғанын, сыйақы немесе үстемеақы мүлде берілмейтінін жеткізді. Осы уақытқа дейін үнсіз келгенін, енді халықтың қолдауы ауадай қажет екенін айтты. Осылайша олар президент Тоқаев пен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға үндеу жолдады.
Жедел жәрдем қызметкерлері өңірде жедел жәрдем көлігі жетіспейтінін, ал төленетін ақы өте аз екенін жеткізді.
“Әр 10 мың тұрғынға бір жедел жәрдем көлігі болуы керек, дей ме? Бірақ Теміртауда бұл норманың жартысы да орындалып жатқан жоқ. Көлік өте аз, сондықтан шақыртуларға кешігіп барамыз. Оған қоса, зияндылығы жоғары 201 сағаттық жұмыс үшін бар болғаны 6 мың теңге төленеді. Бұл соманы “зияндылық үшін төленетін ақы” деп айтуға да келмейді”, – дейді олар.
Сондай-ақ олар кадр тапшылығы да сезіліп жатқанын жеткізді.
“Айына 6 мың теңге үшін ешкім өміріне қауіп төндіріп, қиын жұмыс істегісі келмейді. Ешкім мұндай қауіп-қатерге келіспейді. Сол себепті мамандар бір бригадада жалғыз жұмыс істегісі келеді. Оның үстіне, бізде кадрлар кәсіби күйзеліске ұшырап, жұмыстан шығып жатыр. Жүктеме өте ауыр, бір кезекшілікте 24 шақырту түседі. Жедел жәрдемдегі жалақымыз өте төмен болғандықтан, қосымша жұмыс істеуге мәжбүрміз. Біз еңбекке лайықты ақы төленуін талап етеміз”, –дейді жедел жәрдем қызметкерлері.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасынан мән-жайды сұрап білді. Олардың мәліметінше, Денсаулық сақтау министрлігіне жалақыны көтеру туралы үндеу хат жолданды.
“Қазір медицина қызметкерлерінің кәсіподағы жұмыс күшімен кеңесіп, әлеуметтік серіктестік аясында Денсаулық сақтау министрлігіне жан басына шаққандағы тарифті қолайлы деңгейге дейін көтеруді, қазіргі инфляция деңгейіне сәйкес жалақыны жоғарылатуды ұсынатын үндеу хатын дайындады. Автокөлік паркін жаңарту үшін биыл жергілікті атқарушы органдар облыстық бюджет есебінен 113 жедел жәрдем көлігі мен екі санитарлық авиация сатып алуды жоспарлап отыр”, – делінген хабарламада.
Еске салсақ, бұған дейін Астанада ғимараттың сыртқы қабырғасы құлап, адамдарды құтқаруға барған жедел жәрдем фельдшері ауыр жарақат алғаны туралы жазған едік. 18 қараша күні 23 жастағы фельдшер ауруханада көз жұмды.
"Біреулер көрсін, гей болсын демейміз": Қазақстандықтар желіде ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заңды қызу талқылап жатыр