Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

200-ден аса қазақстандық Ansar Gold қаржы пирамидасына қаржы салып, алданып қалған

Фото: Видеодан скрин

Қаржы мониторинг агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті "Ansar Gold" қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өздерін зергерлік бұйым сатумен айналысатын компания ретінде таныстырған күдіктілер салымшыларға 5 ай ішінде салынған қаражаттың 40–60%-ы көлемінде ай сайын табыс түсетінін айтқан. Сондай-ақ негізгі капиталдың сақталуына кепілдік берілетінін уәде еткен. Алайда төлемдер іс жүзінде тауар сатуынан түскен табыстан емес, жаңа қатысушылардың салымдары есебінен жүзеге асырылған. Нәтижесінде бұл қаржы пирамидасына 200-ден астам адам тартылып, 400 миллион теңгеден астам қаражат салынған.



Сонымен қатар күдіктілер өздерінің туыстарын "дроп" ретінде тартып, олар арқылы басқа қатысушылардан түскен ақшаны қолма-қол шешу үшін олардың банк карталарын пайдаланған.

Агенттік мәліметінше, Қаржы пирамидасын ұйымдастырушы қамауға алынды. 

"Қазір оған тиесілі автокөлік пен тұрғын үйге шектеу қойылды. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды", – делінген хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандықтар қаржы пирамидасына сеніп пәтерлерін рәсімдеп бергені туралы жазған едік.

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 04 Шілде, 2025 10:59
Талқылау