2025 жылдың бірінші тоқсанында "Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қамсыздандыру" санаты бойынша номиналды орташа айлық жалақы – 312,8 мың теңге. Бұл экономикадағы орташа көрсеткіштен 26,1%-ға төмен.
Медицина және әлеуметтік қызмет көрсету саласы Қазақстандағы ең төмен жалақы төленетін салалардың бірі ретінде тіркелді. Бұл сала тізімнің соңынан санағанда бесінші орында.
Одан аз жалақы алатындар:
– Ауыл шаруашылығы қызметкерлері (248,9 мың теңге);
– Өнер саласы (284,9 мың теңге);
– Коммуналдық қызметкерлер (286 мың теңге);
– Білім беру саласы (302,4 мың теңге).
Сонымен қатар денсаулық сақтау саласы екі жылдан астам уақыт бойы ең төмен жалақы төленетін салалардың қатарында. Мысалы, 2021 жылы бұл сала жалақы деңгейі бойынша соңғы ондыққа енген еді.
Ал ең жоғары жалақы деңгейі келесі салаларда тіркелді:
– Тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазу (981,4 мың теңге);
– Ақпарат және байланыс (859,8 мың теңге);
– Қаржы және сақтандыру (855,5 мың теңге).
Сарапшылардың айтуынша, денсаулық сақтау саласындағы жалақының күрт төмендеуінің өзіндік себептері бар. Пандемия кезінде медицина қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын 20–30% өсіп отырды. Бұл 2020–2021 жылдардағы индекстердің күрт өсуінен байқалады. Алайда пандемия аяқталғаннан кейін, жалақы өсімі едәуір баяулады.