Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

200-ге жуық үй сүріледі: Алматыдағы Өжет шағынауданының тұрғындары айналма жолды салуға қарсы шықты

өжет үйлер сүріледі

Видеодан скриншот

Алматы маңындағы Өжет ықшамауданында 200-ге жуық жеке үй сүрілуі мүмкін. Жаңалықты естіген тұрғындар уайымдап жүр. Олардың айтуынша, мұндағы жеке үйлердің орнына үлкен айналма жол салынбақ. Соның салдарынан үйсіз, далада қаламыз ба деп қорқады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Маза кеткен Өжет ықшамауданының тұрғындары аудан орталығына жиналды. Олардың айтуынша, жергілікті әкімдік бұл ауылдағы жер үйлерді бұзып, орнына жол салмақ. Жоспар бойынша Тілендиев көшесі осы ықшамауданның үстімен өтуге тиіс екен. Ал жол түсетін аумақта 200-ге тарта жер үй бар.

“Өжетте туып-өстім. Бұл үйде менің әке-шешем тұрған, балалық шағым өткен. Қанша ақша берсе де, үйімізді бұзуға келіспейміз. Себебі бұл үйлерде бір ғана жанұя тұрмайды. Бір үйде екі-үш отбасы тұрып жатыр. Біз ешқайда кетпейміз”, – деді тұрғын Раушан Нүсіпова.

Ерекше бала тәрбиелеп отырған Зухра Палтушева аядай жерде үш отбасы тұратынын айтады, ал жаңа баспанасын салуға миллиондаған қаржы жұмсаған. Тіпті жаңа баспананың әлі құжаттарын да толық заңдастырмаған. Бұл мәселені даулап, бірнеше мәрте жергілікті әкімге де бас сұққан. Алайда әлі күнге дейін мәселеміз шешілмеді деп отыр.

өжет сүріледі

Зухра Палтушева, видеодан скриншот

“Үйімнің жартысының ғана құжаты бар. Маған шаршы метр ауданын кіргізу керек, сүрілгенде ақшасын алу керек. Мүгедек баламмен далада қалғым келмейді. Бізде екі ай бар, бірақ қолымызда құжат жоқ”, – дейді Зухра Палтушева.

Халықтың жиналғанын естіген жергілікті шенділер де келді. Олар қаланың 2040 жылға дейінгі бас жоспары бекітілгенін айтты. Сондықтан жобаға сәйкес жеке тұрғын үйлердің орнына үлкен айналма жолы түседі деп отыр. Жоба кезең-кезеңімен іске асырылады екен. Тұрғындар келіспеген жағдайда, сотқа жүгінуге мәжбүр боламыз дейді.

“Тілендиев көшесін ұзарту жобасы екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезегі Рысқұлов даңғылынан Дархан шағын ауданындағы Сабатаев көшесіне дейін. Ұзындығы 5,8 км. Екінші кезегі Сабатаев көшесінен қала шекарасына дейін. Бүгінде бірінші кезек бойынша жоба-сметаcы әзірленді. Бірінші кезекте 120 үй, жер мемлекет мұқтажы үшін алынады”, – деді Қаланың мобильді басқармасы перспектива дамыту және жобалау бөлімінің бас маманы Қайрат Анарбаев.

Кіндік қаны тамған жерден ешқайсысының айрылғысы келмейді. Тіпті қанша өтемақы төлесе де, райымыздан қайтпаймыз дейді. Жоспарды өзгертіп, Үлкен айналма жолды ұзартудың басқа бағытын қарастыруды сұрап отыр.

Назархан Уән
Бейсенбі, 10 Шілде, 2025 22:03
Талқылау