"Екі дипломым бар, 5 тіл білемін": Қазақстандық ару Англияға саңырауқұлақ терумен айналысып жүр

Желіде 2 дипломы бар, 5 тіл білетін қазақстандық арудың Англияға саңырауқұлақ теруге бара жатқаны туралы жазбасы тарады. Көпшілік осындай білімімен бойжеткен өзге елде қара жұмыс істеп жүргеніне таңданды. Stan.kz тілшісі Жаңаөзендік 26 жастағы Лаура Қосмырзаеваның өзінен шетелдегі жұмысы туралы сұрап көрді. Шетелден 7 миллион теңгедей тауып келдім деген ару Қазақстанда үлкен компанияларда талап жоғары, жалақы аз екенін айтты.
Фото: Желі кадрларынан скрин
Лаура желіде: “2 дипломым бар, шамамен 5 тіл білемін. Соған қарамастан екінші жыл қатарынан Англияға саңырауқұлақ теруге бара жатырмын. Күлейін бе, жылайын ба? Бірақ күлкім келіп тұр”, – деп жазған.
Лаураның жазбасын көпшілік талқылап осындай білімі бар адамның елде де жақсы ақша табуы керек екенін жазды.
“Жаңа Қазақстан басқа елдерге барып, көкөніс пен жеміс-жидек теріп жүр”, “Сенде мынадай білім бар болса. Қазақстанда қиналмай-ақ айына 700-1,5 миллион теңге табатыныңа сенімдімін”, “Неге біліміңді қолданбайсың? Мен 5 тіл білсем қалаған есікті теуіп кірер едім”, – деп сынады кей жұртшылық.
Ал кейбірі шынымен елдегі жұмыс жағдайы мен жалақыға қарағанда осындай таңдау жақсы мүмкіндік екенін алға тартты.
“Орта білімім бола тұра, жақсы жұмыс таба алмадым. Көбісі 200–400 мың теңге жалақы ұсынады. Бірақ жұмыс тәжірибесін талап етеді. Англияға барып жүргеніме 3 жыл болды, Аллаға шүкір. Иә, Англияда табыс жақсы, әрі Қазақстандағы күйбең тіршіліктен сәл болса да демалып қайтасың”, “Қазақстанда 300 мың теңге айлық алып дәрігер, мұғалім басқа болғанша саңырауқұлақ терген дұрысырақ”, “Менің күйеуімде 2 диплом бар. Доктарантура бітірген, 3тілде еркін сөйлейді. Қазір Америкада шатыр жөндеп жүр”, – деп өз оқиғаларын баяндады.
“Қазақстанда вахтаға шығып 500 мың теңгедей тауып жүрдім”
Жаңақзендік Лаура Қосмырзаева Халықаралық қатынастар және Көлік техникалары және технологиялары факультетін осы жылы бітірген. Қазақ, орыс, ағылшын, француз, түрік тілін оқып меңгерген.
“Қазақстанда бірнеше жерде жұмыс істедім. Атыраудағы Тенгизшевройл мұнай-кен орнының мердігер COCR компаниясында жасадым. Табысым 1 вахтаға 500 мың теңгедей болды (28 күн жасап, 28 күн демалдым), КазПромСерт шет ел көліктеріне сертификаттар дайындаушы маман болып жасадым. Айлығым 200 мың теңге болды. Кейін СММ маманы болып жасадым. Айлық табысым 400 мың шамасында болды”, – деді ару.
Лаура елімізде көбіне жақсы жерге жұмысқа тұру үшін көп жылдық тәжірибе талап етілетінін алға тартты. Айтуынша, қанша тіл білсең де жақсы жалақы алу үшін бірінші тәжірибені сұрайды екен.
“Қазір тіл білетін жастар көп. Елімізде көбіне тіл білетін техникалық мамандық өкілдері ғана кез келген есікті теуіп кіре алады. Онда да тәжәрибесі болуы қажет”, – деп қосты ол.
“Қазақстандағы 1 айлық жалақыны мұнда екі аптада табасың”
Лаураға Англияға жұмысқа бару туралы ұсынысты туысқан әпкесі ұсынған.
“Бөле әпкем “барып қайтайық, құрбым барып келді”, деді. Сол кезде өзім де жұмысымнан қатты шаршап жүрген кезім болатын. Оның үстіне Қазақстанда бала-шаға, күйеу деген сияқты мені ұстап тұрған ештеңе жоқ еді. Солай бір жағынан жұмыс жасап, бір жағынан қыдырып қайтамын, ұнамаса қайтып келермін деп шештім”, – деді бойжеткен.
Лаура Англияда контейнерлерде саңырауқұлақ терумен айналысады. Ару осыған дейін жұмыс маусымы кезінде бір рет барып келген.
“Жалақы аптада жұмыс жасаған сағаттарға байланысты шығады. Орташа есеппен аптасына 250 мың теңге шығады. Толықтай табыс 7 миллион теңгедей болды. Оған қоса 800 мың теңгедей Англияға төлеген салықты қайтарып алдым.
Екі түрлі салада жұмыс жасағандықтан еңбек жағдайын қатты салыстыра алмаймын. Қазақстандағы жұмыстарымда офиста отырғандықтан, ал мына жұмысым қара жұмыспен байланысты болғандықтан салыстыру қиындау. Бірақ Англияда 1 айда табатын табысты 1-2 аптаның ішінде табасың. Жұмысқа шақырушыларға тұратын баспана береді. Әрине ол үшін де айына 45 мың теңге жалақыдан шегеріп отырады. Тіл білетінімнің арқасында жұмыста тікелей бастықтармен сөйлесе аламын. Қалаға шыққан уақытта да өзімнің қажеттіліктерімді жаба аламын”, – деп қосты ол.
“Америкада оқып жұмыс жасағым келеді. Елге келіп үй алғым келеді”
Лаура негізінен қалауы шетелде білім алу екенін жасырмады.
“Америкада оқып жұмыс жасағым келеді. Бірақ Америкаға кету үшін де 2 миллионнан аса қаражат керек болғандықтан Англияны таңдадым. Елге келіп үй алғым келеді.
Меніңше ең бастысы қоғамда өзің жасап жүрген жұмысың өзіңе ұнауы керек. Сонда мол жалақыға да қол жеткізе аласың. Біздің елімізде қай бағытты таңдасаң, сол бағытта жұмыс жасап еңбек өтілімін жинау керек деп айтар едім. Себебі мен СММ маманы болып фрилансқа кетіп қалған уақытта менде еңбек өтілімінде 2 жылдай үзіліс болды. Ал жұмысқа тұру үшін сұхбаттасуға барғанда осы нәрсе үлкен рөл ойнады. Өз басымда 2 рет солай болаған. Тағы бір айтарым, жас кезде жасап, көріп, еңбек етіп қалу керек. Кім не десе де сенің өміріңмен тек сен өмір сүресің. Сондықтан мойымау керек”, – деп қосты ол.
“Қазақстан әртүрлі мамандарды шетелден алдырады: Меніңше өз жастарымызды қолдау керек”
Лаура еліміз жастардың біліміне назар салып, көбірек қолдау көрсетсе дейді.
“Менің ойымша елімізде жастардың біліміне көптеп назар аудару қажет. Әр түрлі қолдау ұйымдастырып, шет елдерде оқытуды жеңілдетсе деймін. Сосын оқыған мамандарды Қазақстанға әкеліп, оның әрі қарай дамып, басқаларға да сол нәрсені үйретуіне мүмкіндік беру керек деп ойлаймын. Жалпы қазір әр түрлі мамандарды шет елдерден шақырамыз. Сол біздің бір кемшілігіміз сияқты. Ал өзіміздің адамдардың білімін арттырып, салада орын берсек, дами түсетінімізге сенемін”, – деп қорытты ол.
"Екі дипломым бар, 5 тіл білемін": Қазақстандық ару Англияға саңырауқұлақ терумен айналысып жүр