2 адам қаза тапқан жол апаты: Шавкат Рахмоновтың жұбайына қатысты тергеу ісі сотқа жолданады

Аралас жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновтың жұбайы Гулайым Рахмонованың қатысуымен болған жол-көлік оқиғасының тергеу ісі аяқталуға жақын. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов бұл істің жақын күндері сотқа жолданатынын Мәжіліс кулуарында мәлімдеді.
Министрдің орынбасарының айтуынша, қазіргі таңда тек соңғы сот-сараптамасының қорытындысын күту ғана қалған.
“Қылмыстық іс аяқталуға жақын. Осы аптада соңғы сот сараптамасының нәтижесі алынады. Одан кейін күдіктінің әрекеттеріне құқықтық баға беріліп, материалдар прокуратура арқылы сотқа жіберіледі, – деді Санжар Әділов.
Бұл жол-көлік оқиғасы Ақмола облысының аумағында болғанымен, істі сол өңірдің полиция департаменті тергеп жатқанын айтты.
“Қылмыстық істі аймақтық полиция департаменті жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта тергеу жұмыстарының соңғы кезеңі жүріп жатыр, – деп толықтырды вице-министр.
Айта кетейік, жол-көлік оқиғасы 2025 жылдың 27 шілдесінде Алматы – Екатеринбург автожолының 299-шақырымында орын алған. Полицияның мәліметінше, Toyota Land Cruiser 200 көлігін жүргізген Гулайым Рахмонова рульге ие бола алмай, көлік аударылып кеткен. Оқиға салдарынан екі әйел қаза тауып, спортшының жұбайы мен баласы ауруханаға жеткізілген. Олардың жағдайы орташа ауыр деп бағаланған еді.
Кейін Жамбыл облысының полициясы оқиға орнынан видеоматериалдарды жариялады. Кадрларда аударылған джиптің кузовы айтарлықтай зақымданғаны, бір дөңгелектің бекіткіштен ажырап кеткені және көліктің сынықтары айналаға шашылғаны көрінеді.
Жарыстан екінші орын алсам әкем ұрсып, скакалкамен ұратын — Әсел Қанай каратэден әлем чемпионатының қола жүлдегері

