"19 жерінен пышақтап кеткен": Жамбыл облысында Жаңа жыл қарсаңында көз жұмған жігіттің туыстары әділдік іздейді
Жамбыл облысы Меркі ауданында 17 жастағы жасөспірім 19 жастағы жігітті пышақтап өлтірді деген күдікке ілінді. Марқұмның туыстары бастапқыда кісі өліміне қатысты 3 күдіктінің ұсталғанын айтады. Алайда көп ұзамай олардың екеуін босатып жіберген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Марқұмды 19 жерінен пышақтап кеткен. Ал жақындары құқық қорғау органдары жүргізген тергеуге күдікпен қарайтындарын мәлімдеді.
"Істі толығымен бақылауға алып, шын жазықтыларды анықтауды сұраймын. Қылмыстық кодекске сәйкес тиісті жазасын алсын", – делінген жазбада.
Жігіттің жақындары бұл іске бірнеше адамның қатысы бар екенін айтады. Ал полицейлер оқиға орнында түсірілген видео мен өзге де дәлелдердің болғанына қарамастан істі әлі бастамаған.
Аталған дерекке қатысты пікір білдірген Жамбыл облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі "Адам өлтіру" бойынша тергеп-тексеру амалдары жүріп жатқанын мәлімдеді.
"2022 жылғы 31 желтоқсанда сағат 01:30 шамасында Меркі аудандық полиция бөліміне орталық ауруханадан түрлі дене жарақаттарымен 19 жастағы азаматтың мәйіті жеткізілгендігі туралы хабарлама түсті. Қазіргі уақытта 17 жастағы кәмелетке толмаған күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды. Істің толық мән-жайын анықтау үшін жедел іс-шаралар жүргізілуде", – делінген хабарламада.