Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

19 наурыздан бастап қазақстандықтардың қарапайым дебеттік шоттағы ақшасына сыйақы түседі

Фото: freepik.com

19 наурыздан бастап қазақстандықтардың қолданыстағы дебеттік банк шоттарындағы қаражатқа 1 пайызға дейін сыйақы есептеле бастайды. Бұған дейін соңғы жеті жыл бойы мұндай тәжірибеге тыйым салынған болатын. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Елімізде 19 наурыздан бастап "Банктер және банк қызметі туралы" заңға енгізілген өзгерістер күшіне енеді. Соған сәйкес, банктер енді азаматтардың қолданыстағы шоттарындағы ақшаға 1 пайызға дейін сыйақы есептей алады. Айта кетейік, соңғы жеті жыл бойы мұндай тәжірибеге тыйым салынған еді.

Сыйақы шотта жатқан ақша сомасына қарай есептеледі. Банк шоттағы қаражат мөлшерін қарап, сол сомадан шағын пайыз есептейді. Кейін барлық есептелген сыйақы қосылып отырады. Мысалы, егер шотта 100 мың теңге болса, ал жылдық мөлшерлеме 1 пайыз болса, бір жылда шамамен 1 мың теңге табыс түсуі мүмкін. Егер шоттағы ақша азайып немесе көбейіп отырса, сыйақы да қайта есептеледі. Яғни пайыз шотта нақты жатқан ақшаға ғана есептеледі.

Бұған дейін Қазақстанда қолданыстағы шоттағы ақшаға сыйақы есептеу 1999 жылдан бастап рұқсат етілген. Бұл ереже Азаматтық кодекстің бұрынғы нұсқасында болған. Алайда 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап заң өзгеріп, ағымдағы шоттағы ақшаға сыйақы төлеуге тыйым салынды. Сол кезде Ұлттық банк мұны ағымдағы шоттар күнделікті төлемдер мен аударымдарға арналған деп түсіндірген. Ал ақша жинау үшін азаматтарға депозит ашу ұсынылған.

Депутат әрі Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Ходжаназаровтың айтуынша, ағымдағы шоттарға пайыз есептеу бастамасы кездейсоқ ұсынылған жоқ. Оның мәліметінше, 2024 жылдың соңында Қазақстан банктеріндегі халық депозиттерінің көлемі 24,5 триллион теңгеге жеткен. Ал ағымдағы және карточкалық шоттарда шамамен 3,6 тиллион теңге сақталған. Бұл – барлық қаражаттың 14,7 пайызы.



"Бұл – өте үлкен қаражат. Банктер бұл ақшаны өз қызметінде пайдаланады. Бірақ адамдарға ешқандай табыс төлемейді", – деді ол Digital Business басылымына берген сұхбатында.

Депутаттың айтуынша, тіпті шағын пайыздың өзі азаматтардың табысын айтарлықтай арттыруы мүмкін.

"Егер пайыз есептелсе, халық жылына шамамен 180 миллиард теңге қосымша табыс алар еді. Ал мөлшерлеме 8–10 пайыз болған жағдайда, азаматтардың қосымша табысы 288–360 миллиард теңгеге жетуі мүмкін. Бұл – жүйелік мәселе. Мысалы, АҚШ-та көптеген ағымдағы шоттар бойынша банктер жылына 0,5–2 пайыз төлейді. Еуропада 0–1,5 пайыз, ал инфляция жоғары Түркияда 3–5 пайызға дейін беріледі. Бұл – салымшылардың ақшасының құнсыздануын азайтатын халықаралық тәжірибе", – деді Ходжаназаров.

Депутат Айтуар Қошмамбетовтің айтуынша, "Банктер және банк қызметі туралы" заңның 751-бабына енгізілген жаңа норма 2026 жылдың наурызында күшіне енеді. Осылайша 19 наурыздан бастап қазақстандықтар қарапайым дебеттік шоттардағы ақшаға сыйақы ала бастайды.

STAN.KZ
Сәрсенбі, 11 Наурыз, 2026 16:13