"Құтқарып қалуға болар еді": 17 жастағы жасөспірім Алматыдағы Сайран көліне батып кетті
Видеодан скрин
Алматыдағы жасөспірім Сайран көліне батып кетті. Құтқарушылар оның денесін су астынан шығарды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға туралы куәгерлер хабарлады.
“Сайран көлінің батыс жағалауында адамның денесі жатыр, көл аумағын полиция қоршауға алды”, – деп мәлімдеді куәгерлер.
17 жастағы жігіттің батып кеткені туралы полицияға хабарлама түскен. Оқиға орнына кезекші прокурор мен тергеу тобы барды.
"Суда екі кәмелетке толмаған баланың болғаны анықталды. Олардың бірі өздігінен жағаға шыққан, ал екіншісінің тағдыры әзірге белгісіз. Оқиға орнында полиция қызметкерлері мен құтқарушылар жұмыс істеуде. Іздеу жұмыстары жалғасып жатыр", – деп хабарлады полиция департаменті.
Артынша баланың денесі табылғаны белгілі болды.
Желіде тараған видеоларда куәгерлер құтқарушылардың баланы құтқарып қалуға мүмкіндігі болғанын алға тартты.
“Құтқарушылар келген кезде бала тірі еді. Бірақ құтқарушылар көзілдірігіміз жоқ, суға түсе алмаймыз деп біраз күтті. Баланы құтқарып қалуға болар еді. Олардың жаны жан да біздің баламыздың жаны жан емес пе”, – дейді куәгерлер.
Еске салсақ, Сайран көлінің маңында тұратын алматылық тұрғын Әлия Байбуға желідегі парақшасында суға түсіп жатқан адамдардың қауіпсіздігіне алаңдаушылық білдіріп, санитарлық жағдайға байланысты уайымын жеткізді. Ол су айдыны маңында тәртіптің сақталмауына, ластық пен қоғамдық мәдениеттің төмендігіне наразы болған.

"Артында төрт баласы қалды": Қаңтар оқиғасы кезінде мерт болған азаматтың отбасы 5 жылдан бері пәтер ала алмай жүр
