18 жастағы қазақстандық ару Диана ханшайымның халықаралық сыйлығын жеңіп алды
18 жастағы қазақстандық Диана Мырзағалиева әлеуметтік саладағы ерекше күш-жігері үшін ханшайым Диана атындағы сыйлықпен марапатталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі
Бұл сыйлықты ұйымдастыруда Диана ханшайымды еске алу құрметіне оның ұлдары Уэльс ханзадасы ханзада Уильям мен Сексекс герцогы ханзада Гарри қолдаған. Қазақстандық 18 жастағы Диана да ханшайыммен аттас.
“Диана Мырзағалиева өз өмірін денсаулығына байланысты сөйлей алмаған адамдарды қолдауға арнады. Дианаға Семей полигонында ондаған жылдар бойы ядролық сынақтардан туындаған дизартрия диагнозы қойылған. Ол бүгінге дейін мектептегі келеке-мазақ пен көптеген оталар сияқты қиындықтарды жеңіп келеді”, -делінген Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігінің баспасөз хабарламасында.
Ару өз ойын бала кезінен жазу арқылы білдіреді. Кейінірек мүмкіндігі шектеулі балалардың армандары туралы әңгімелер жаза бастады. Бұл әңгімелердің негізінен "Үміт әрдайым жанымызда" анимациялық фильмінің негізі қаланды.
Диана Мырзағалиева сөйлеу қабілеті бұзылған адамдарға көмектесетін инклюзивті Академия мен SPEAKUP жасанды интеллект қосымшасын құрды. Оның жұмысы жаһандық инклюзияны ілгерілетуге бағытталған. Яғни физикалық дамуында қиындықтары бар адамдарды қоғамның белсенді өміріне қосу процессі.
Диана ханшайым сыйлығы кем дегенде 12 айда қайырымдылық қаражат жинау немесе қызмет көрсету сияқты түрлі іс-шаралар арқылы қоғамға оң үлес қосуға арнаған жастарға беріледі. Лауреаттарды олардың жұмысымен таныс ересектер ұсынады. 2024 жылы 30-дан астам елден 80-нен астам еріктілер бес критерий бойынша 1700 өтінімді бағалады.

2026 жылы жаңа Салық кодексі қабылданғаннан кейін бизнеске не болады?
