"18 тісін де бір күнде емдемек болды: Астанадағы стоматологияда қаза тапқан үш жасар қыздың ісі сотта қаралып жатыр

Фото: Сот отырысынан скрин
Астанада жеке стоматологиялық клиникада үш жасар қыздың қазасына қатысты сот процессі өтіп жатыр. Марқұмның әкесі сөз сөйлеп, мамандардың кішкентай қыздың 18 тісін бірден емдеуге шешім қабылданғанын жеткізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оқиға 2024 жылғы 30 қазанда болған. Қыздың әкесі Талғат Құмаровтың айтуынша, бала наркоздан кейін оянбаған. Ал наркоз 3,5 сағаттан артық уақытқа созылған. Процедура жоспар бойынша тек үш сағатқа есептелген.
"Мен дәрігерден “бәрін бірден емдеудің орнына алдымен тоғызын, кейін қалғанын емдей аламыз ба?” деп сұрадым. Бірақ бізге бәрін 18 тісін бірден жасау керек деді. Седация бала ауруханадан шыққаннан жеті ай өткен соң жасалды. Егер бұл жақында, бір-екі ай бұрын болса, ұзақ наркозға келісім бермес едік", – деді әкесі.
Қыздың өкпесі толық қалпына келмеген. Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің сарапшыларыының қорытынды бойынша, клиника қыздың пневмониядан кейін жазылғанын ескеріп, оның жағдайының ауырлығын дұрыс бағаламаған.
Іс бойынша айыпталушы – Dent Park Ohno клиникасының анестезиологы Аида Жумағалиева. Ал емдеуді жүргізген стоматолог сотқа қатыспаған. Іс Қазақстанның ҚК 317-бабының 3-бөлімі "Медициналық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісті деңгейде орындамауы, нәтижесінде адам өліміне әкелген" бойынша қаралып жатыр.
Айыпталушыға төрт жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру, сондай-ақ үш жылға дейін белгілі лауазымдарды атқару құқығынан айыру жазасы қарастырылған. 25 қарашада прокурор медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің сараптамасы нәтижелерін оқып шықты.
Сарапшылар сонымен қатар құжаттардан бірқатар бұзушылықтар анықтаған. Атап айтқанда, стоматологиялық картаның жоқтығы, келісімнің дұрыс толтырылмауы, консультация жазбаларының болмауы. Сондай-ақ, видеоматериалдармен сәйкессіздіктер, диагноздардың науқастың жағдайын толық көрсетпеуі, қолданылған кейбір препараттардың тіркелмеуі анықталған.
Прокурордың айтуынша, медицинада қолданылған кетотифен, супрастин және кальций препараттары медициналық құжатта көрсетілмеген. Бірақ мәйіт ашу кезінде және видео жазбалардан дәл сол препараттар көрсетілген. Сараптамаға сәйкес, бала толық тексерілмеген, ЭКГ жүргізілмеген, рентген тексеруі жасалмаған.
"Наркоз кезінде және науқастың жағдайы нашарлаған сәтте капнография жүргізілмеген. Жүрек-өкпе реанимациясының протоколы жоқ, енгізілген препараттардың уақыты, ұзақтығы мен көлемі көрсетілмеген. Қан қысымы өлшенбеген.
Анестезиолог пациенттің жағдайы нашарлаған кезде наркозды қажетсіз көбейткен. 13:55-де анестетик беру тоқтатылған. Қан қысымы 80-ге төмендеген. 13:58-де анестезиолог наркозды қайта 8%-ға көтерген. Кардиомониторинг наркоз кезінде де, жағдай нашарлаған соң да жүргізілмеген. Жүрек стимуляциясы үшін енгізілген адреналин дозасы балаларға сай болмаған", – деді прокурор.
Сараптама нәтижесі бойынша, өлім гипоксия салдарынан болған. Ол ми ісінуіне алып келген.
"Сот-медициналық ашу ережелерін ескере отырып, тіндердегі гипоксия медициналық седатция және жасанды тыныс беру, қосарланған пневмония және жүрек-қан тамырлары жеткіліксіздігі әсерінен дамып, кейін ми ісінуі мен өлімге әкелген", – деді мемлекеттік айыптаушы.
Еске салсақ, Астанада 3 жасар қыз тіс емдетіп жатып көз жұмғаны туралы хабарлаған едік. Ал стоматология өз жұмысын одан кейін де жалғастырған.
Қазақстанда тұрғын үйлердің сапасын кім тексереді және өз үйінің қауіпсіз емес екенін білгендер қайда жүгіне алады