17 жылдан бері Қазақстан азаматтығын ала алмаған көпбалалы ана жұрттан көмек сұрады
17 жыл бұрын Өзбекстаннан атажұртқа оралған қандасымыз Сандуғаш Тұрманова әлі күнге дейін ҚР-ның азаматтығын ала алмай жүр. Ішерге асы, киерге киімі жоқ көпбалалы отбасы Ұлттық арнаға өтініш жазып, жергілікті билік пен қайырымды жандардан көмек сұрады.
Бұл туралы Қазақстан арнасы хабарлайды.
Қазір ол Алматы облысы, Қарасай ауданына қарасты Жаңақұрылыс елді мекенінде сегіз баласымен пәтер жалдап тұрады. Сандуғаш Тұрманова 2000 жылы Өзбекстаннан отбасымен бірге атажұртқа қоныс аударады. Сол тұста оның қолында өзбектің емес, Кеңес өкіметі кезіндегі қызыл паспорт болған. Бірақ сол құжатпен Жаңаөзенге тіркеуге тұрған. Ал 2003 жылы олар Алматы облысына көшіп келген. Уақытша пәтер жалдап, Алтын Орда базарында сауда жасап күн көрген.
“Одан кейін ол паспортты ауыстыратын ешқандай жағдай болған жоқ. Бала үстінен бала туып, ешқандай жағдай жасай алмадық. Күйеуім базарда ауыр жүк тасыды, мен баламен үйде отырдым”, – дейді Сандуғаш Тұрманова.
Ол Қазақстанға келгелі 9 құрсақ көтерген. Оның біреуі сәби кезінде шетінеп кеткен. Екінші перзенті үйдің жанындағы сайдағы суға тұншығып өлген. Ал қалған 8 баланы бағып-қағамын деп жүріп тіркеуге де тұрмаған. Содан бері 17 жыл өткен. Көпбалалы ана атанғанымен әлі күнге дейін азаматтығы жоқ. Сол себепті, алтын алқа алмақ түгілі, мемлекеттен берілетін көмектің бәрінен қағылған.
“Бесеуінде де метеркі жоқ. Перзентханада маған анықтама да берген жоқ”, – дейді ол. Былтыр жолдасы екеуі бала-шағасының аузынан жырып жүріп тапқан 95 мың теңгесін жеке куәлігіңді жасап беремін деген беймәлім келіншектің қолына ұстатқан. Ақыры ол алдап соғып, ұшты-күйлі жоғалған. Енді ескі құжатынан да қағылып отыр.
Көші-қон полициясы бұдан хабардар екенін жеткізді. Мамандар оларға оралман мәртебесін алуға көмек беретіндерін жеткізді. Қазір тіркеу науқаны жүріп жатыр. Сандуғаш болса құжат тексертуден қашып, үйден шықпай отыр. Әйтеуір балалары мектепке барады. Бұл да көңілге медеу. Алайда олардың киерге киімі, ішерге асы жоқ. Аядай бөлмеде балалардың аш құрсақ жүретін кездері аз емес.
Жіберіп алмаңыз:
Мектеп автобусының 69 жастағы шопыры 9 жасар қыздарға тиіскен
Жамбыл облысында досының егіз қыздарын зорлап келген педофил сотталды
Педофилді аңдыған 11 жастағы бүлдіршін қыз оны қалайша ұстап бермек болды
Ақтауда педофилді соттайтын алқа билер табылмай жатыр
Дені сау бола тұра жындыханада жатқан Маржан Тұрлыбаева қалай өзгерді? (фото)