Талдықорғанда жедел жәрдем қызметкерлері жалақыны көтеруді талап етіп, наразылыққа шықты

Талдықорғандағы жедел жәрдем қызметкерлері президент Тоқаев пен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға үндеу жасады. Олар мәлімдемеде жалақыны көтеруді, жедел жәрдем қызметіндегі кадр саясатын қайта қарауды, фельдшерлерге лайықты мәртебе мен қолдау көрсетуді және зейнеткерлік жасын төмендетуді сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фельдшерлер жұмыстың физикалық және психологиялық тұрғыда қиын екенін айтып, жалақыны соған лайық тағайындауды сұрады.
“Бірінші мәселе – жалақы. Жұмысымыз физикалық және психологиялық тұрғыдан өте қиын. Алайда алатын айлық атқаратын жұмыс көлеміне сәйкес келмейді. Жедел жәрдем алғашқы минуттарда адам өмірін құтқарады. Сондықтан жалақыны қазіргі жұмыс жағдайларын ескеріп, қайта қарауды сұраймыз”, – деді фельдшерлер.
Олардың айтуынша, негізгі мәселелердің бірі кадр тапшылығы. Дәрігерлердің жетіспеушілігіне байланысты фельдшерлер диагноз қоюдан бастап ауыр науқастарды басқаруға және шешім қабылдауға дейінгі жұмысты өз мойнына алуға мәжбүр. Осыған байланысты олар жедел жәрдем қызметінің кадр саясатын қайта қарауды және фельдшерлерге тиісті мәртебе мен қолдау көрсетуді сұрап отыр.
Сонымен қатар олар 103 қызметіндегі жұмысты физикалық және эмоциялық күйзеліс тұрғысынан әскери қызметпен салыстыруға болатынын айтты.
“Күн сайын ауыр науқастарды алып, ғимараттардың жоғарғы қабатына көтерілеміз. Ашулы, мас күйде немесе психикалық тұрақсыз адамдармен жұмыс істейміз. Ауа райы жағдайына қарамастан тәулік бойы жұмыс істуге тура келеді. Жасымыз ұлғайған сайын мұндай жұмысты істеу қиын болып барады”, – деді жедел жәрдем қызметкерлері.
Сондықтан фельдшерлер мен жедел жәрдем жүргізушілері зейнеткерлік жасты төмендетуді сұрады. Сондай-ақ өздеріне берілетін жеңілдіктерді 101 және 102 қызметкерлеріне ұсынылатын жеңілдіктермен теңестіруді талап етті.
Жедел жәрдем қызметкерлерінің айтуынша, жалақыдан міндетті медициналық сақтандыру үшін ай сайын 10% ұсталғанына қарамастан, олар жылына екі рет ақылы медициналық тексеруден өтуге мәжбүр. Мұндай тексерудің құны жылына 20–25 мың теңгеге дейін жетеді. Олар бұл талапты орынсыз деп санайды және қайта қарауды сұрайды.
Сонымен қатар фельдшерлер жұмыс жүктемесі көп екенін айтады. Олар айына 160–170 сағаттық нормадан тыс, артық жұмыс істеген сағаттарға 1,5 еселенген мөлшерде ақы төленуін талап етіп отыр.
“Біздің өтінішіміз жеке пайда көздеу емес. Мұның бәрі халыққа сапалы медициналық көмек көрсету, қызметкерлердің денсаулығын сақтау және жүйенің толыққанды жұмыс істеуі үшін қажет. Үндеуіміз қаралып, тиісті шаралар қабылданады деп үміттенеміз”, – деді жедел жәрдем фельдшерлері мен жүргізушілері.
Жағдайға қатысты Жетісу облысының денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеме жасады.
“Жедел медициналық жәрдем фельдшерлері мен жүргізушілерінің еңбекақысы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1193 қаулысына және Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің №ҚР ДСМ-213/2020 бұйрығына сәйкес біліктілік санаты, еңбек өтілі және көзделген барлық үстемақылар мен қосымша төлемдер ескеріле отырып есептеледі. 2024 жылы қызметкерлерге мерекелік күндерге байланысты 7 рет сыйақы төленді. 2025 жылы — 2 рет, жыл соңына дейін тағы сыйақы беру жоспарланған”, – деп мәлімдеді денсаулық сақтау басқармасы.
Сонымен қатар басқарма мамандарды тарту мен зейнетке шығу тәртібі туралы түсіндірді.
“Дәрігерлерді тарту мақсатында Қазақстанның жетекші медициналық жоғары оқу орындарына хаттар жіберілді, алайда тиісті резиденттер табылған жоқ. Бұл жұмыс 2026 жылы жалғастырылады. Қоса атқаратын дәрігерлерді тарту жұмыстары жүргізілуде. Зейнет жасына шығу тәртібі мен жасы ҚР жалпы заңнамасымен реттеледі”, – делінген хабарламада.
Ал міндетті медициналық тексерулер тараптардың келісімі бойынша жұмыс берушінің немесе қызметкердің өз қаражаты есебінен жүргізілуі керектігін айтты басқарма.
“Ұйымда уақыт бойынша еңбек ақы төлеу жүйесі қолданылады — жалақы нақты жұмыс істеген сағаттар бойынша есептеледі. Мереке, демалыс және түнгі уақытта атқарылған жұмыс 1,5 еселік мөлшерде төленеді. Артық жұмыс деп жұмыс берушінің бастамасымен және оны орындауға кіріспес бұрын бұйрықпен ресімделген, қызметкердің келісімі бар жұмысы танылады. Компенсация "сағатқа сағат" тәртібімен немесе ақшалай түрде төленуі мүмкін. Демалыс күндеріндегі жұмыс қызметкер бекітілген жұмыс кестесіне сәйкес шықса, ауысымды өз еркімен басқа қызметкердің орнына қабылдаса артық жұмыс болып саналмайды”, – деп мәлімдеді денсаулық сақтау басқармасы.
Басқа өңірлер бойынша
Жақында Жамбыл облысы Төле би ауылының фельдшерлері де үндеу жасап, жалақыны көтеруді, лайық мәртебе мен қолдау көрсетуді талап етті. Айтуларынша, құжат бойынша жалақы 400–450 мың теңге болуы керек. Бірақ іс жүзінде олар шамамен 180 мың теңге алады. Сол себепті қосымша ауысымдарда жұмыс істеуге мәжбүр. Бұдан бөлек, жалдап отырған ғимарат салқын, жарық жиі өшеді екен.
Жамбыл облысының денсаулық сақтау басқармасы 2026 жылы қосымша 5 миллиард теңге жалақыны көтеруге бөлінетінін айтты.
Бұған дейін Теміртау қаласының жедел жәрдем қызметкерлері де жалақы көтеруді талап етіп, Денсаулық сақтау министрлігіне жүгінген еді. Олардың айтуынша, ең жоғары жалақы – 180 мың теңге. Сондай-ақ олар автопарктің тозығы жеткенін, жедел жәрдем көліктері жиі бұзылатынын айтқан.
Алайда Теміртау дәрігерлерінің ұжымдық өтініші БАҚ-та жарияланғаннан кейін оларға қысым жасала бастаған.
Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасы бюджет есебінен облысқа 113 жаңа жедел жәрдем көлігін және екі санитарлық авиация борты сатып алынатынын мәлімдеді. Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің кәсіподағы Денсаулық сақтау министрлігіне жан басына шаққан тарифті ұлғайту және инфляцияны ескере отырып жалақыны көтеру туралы ресми хат жолдағанын хабарлады.
Өткен аптада осы өтініштерден кейін Денсаулық сақтау министрі Акмарал Әлназарова жедел жәрдем қызметкерлеріне жолдаған жауабында министрлік еңбек ақы және еңбек жағдайларына қатысты мәселелер бойынша терең талдау жүргізіп жатқанын айтты.
“Жүктеме мен кадрлық жағдайға қосымша аудит жүргізуді тапсырдым. Шешім әділ әрі нақты қажеттіліктерге сай болуға тиіс. Сондықтан жақын арада бұл мәселеге дайын шешіммен қайта ораламыз деп сенемін”, – деді министр.
Әлназарова жедел жәрдем қызметкерлеріне қысым көрсетуге жол берілмейтінін айтты.
“Медицина саласының қызметкерлері салдарына алаңдамай, өз көзқарасын еркін білдіре алуға тиіс”, – деді министр.
Айта кетейік, бұған дейін Теміртау қаласының жедел жәрдем қызметкерлері Тоқаев пен Денсаулық сақтау министріне жүгінген еді. Олар билікке шектен тыс ауыр жұмыс істейтінін айтып, жалақысын көтеруді сұраған.
Қазақстанда 2026 жылдан бастап әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар қалай өзгереді?