16 жастағы қазақстандық Шри-Ланкада серфингпен айланысып жүріп қаза тапты
Шри-Ланка ауруханасында көз жұмған 16 жастағы қазақстандықтың денесін елге әкелу үшін әуе компаниясымен келіссөз жүріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров кезекті брифингіде осындай мәлімет айтты.
"10 наурызда біздің Үндістандағы елшілікке Қазақстан азаматтары хабарласты. Олардың кәмелетке толмаған 16 жастағы ұлы Шри-Ланканың бір ауруханасында жатыр деген ақпарат келіп түсті. Ол ақпаратты тексергеннен кейін 5 наурызда жасөспірім серфингпен айналысып жүріп, суға батып кеткені мәлім болды. Жансақтау бөлімінде 10 наурызға дейін 5 күн жатты. Сол 5 күннің ішінде, әрине, дәрігерлер қолынан келгеннің бәрін жасады. Бірақ өкінішке қарай, жаңағы бала қайтыс болды", – деді ол.
Айбек Смадияров қазір Қазақстан консулы сол баланың әке-шешесімен байланыста екенін атап өтті.
"Барлық құжат рәсімделіп жатыр. Сонымен қатар денені Қазақстанға жеткізу үшін арнайы әуе компаниясымен келіссөздер жүргізіп жатыр. Баланың шешесі қазақ, әкесі шетелдік азамат. Марқұм – Қазақстанның азаматы. Кейінгі бірнеше жылда әке-шешесімен бірге Шри-Ланкада тұрып келген", – деді сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі.
Еске салсақ, Ресейлік федералды қауіпсіздік қызметі Мәскеудегі синагогаға жасалатын шабуылдың алдын алғанын мәлімдеді. Атыс кезінде Қазақстанның екі азаматы көз жұмған.

Қазақстандық әйел шетелдік күйеуінің кесірінен 2 жасар қызымен табыса алмай жүр
