Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

16 жасында жеті тіл меңгерген қазақстандық оқушы дипломатиялық ортада жұмыс істеп жүр

16 жасында жеті тіл меңгерген Бақтияр Сәдібеков сұхбат бердіФото: Видеодан скриншот

16 жасында 7 тілді еркін меңгерген қазақстандық оқушы Бақтияр Сәдібеков Оман Сұлтандығының елшісіне аудармашы болып қызмет етеді. Жас полиглот Jibek Joly телеарнасындағы Bugin LIVE бағдарламасында тіл үйренудің құпиялары мен болашақ жоспарлары туралы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2 жыл бұрын Бақтияр отбасымен Мысырға барған. Шетелде жүріп өзге тілді білмегендіктен қиындыққа тап болған ол дәл сол кезде тіл үйренуге шешім қабылдайды. Елге оралған соң араб тілін үйреніп бастайды. Осылайша, ол бар-жоғы бір жылдың ішінде араб тілінен С1 деңгейіне жетіп, ресми сертификат алған.

Бақтияр араб тілін алғашында мешітте оқи бастаған, кейін жеке ұстазбен дайындалып Еуразия ұлттық университетінің арабтанушы студенттерімен тілдік тәжірибеден өткен.

“Мысырда жүргенде тек қазақ және орыс тілдерімен шектелуге болмайтынын түсіндім, адам өміріндегі қарым-қатынастың маңызын ұқтым. Қазір араб, ағылшын, түрік, француз және испан тілдерін білемін. Орыс тілін бұрыннан меңгергенмін, ал қазақ тілі – ана тілім”, – дейді Бақтияр Сәдібеков.

Жас полиглоттың айтуынша, аудармашылық қызмет, әсіресе саяси деңгейде, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Ол Дипломатия мектебіне амбассадор ретінде қабылданып, Иран елшілігіндегі іс-шарада өзін көрсеткеннен кейін Оман елшілігінен ресми ұсыныс алған.

“Аудармашылық жұмыс оңай емес. Екі ел арасындағы саяси жағдайды дәл әрі жылдам жеткізу қажет. Араб тілі әлемдегі ең бай тілдердің бірі саналады, онда 12 миллион сөз бар. “Егер бір сөзді білмей қалсам ше?” деген қорқыныш пен қобалжу болады, бірақ менің тәжірибемде ондай жағдай кездеспеді”, – деді ол.

Қазақстандық оқушы тіл үйренгісі келетін жастарға күн сайын 10 минут аудио тыңдауға, 10 минут жазуға және 10 минут оқуға уақыт бөлуге кеңес берді. Оның сөзінше, осылай кез келген тілді меңгеруге болады.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық жастар жасаған тіл үйренуге арналған қосымша Duolingo-ны басып озғаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 17 Ақпан, 2026 10:54