16 мыңнан астам қазақстандық тұрғын үй кезегінен шығарылды

Фото: depositphotos.com
Отбасы банк 16 537 қазақстандық тұрғын үй кезегінен шығарылғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2025 жылғы 24 мамырдан бастап Отбасы банкі ұлттық даму институтына айналды. Осы уақыттан бастап тұрғын үй кезегін орталықтандырылған түрде жүргізе бастады. Бұған дейін кезек есебін әкімдіктер жүргізген. Оларда кезекке тұрғандардың санаттары бойынша бірнеше бөлек тізімдер болған.
Отбасы банкі бұл әртүрлі тізімдерді "Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы" бірыңғай ақпараттық жүйесіне біріктірді. Бұл деректердегі қайталанулар мен қателіктерді жою, тұрғын үйдің бар-жоғын автоматты түрде тексеру, адами фактор мен қолмен басқаруды азайту сынды мүмкіндіктерге жол ашты.
Кезектің тізімі Отбасы банкіне берілгеннен кейін түгендеу жүргізу басталды. Бұл – кезекте тұрғандар туралы мәліметтерді тексеру және нақтылау рәсімі. Түгендеу барысында кезектегі адамның мәртебесі, отбасы құрамы, санаты, тұрғын үйінің бар-жоғы анықталады.
Қазіргі таңда 408 565 адам түгендеуден өтті, тағы 49 011 адамның мәліметтері қаралуда.
"Есепке қою жағдайлары толық анықталғанға дейін 74 005 азаматтың кезегі уақытша тоқтатылды. Сонымен қатар 16 537 азамат тұрғын үй кезегінен шығарылды. Тағы 75 456 адамды кезекке қоюдан бас тартылды", – делінген хабарламада.
Кезекте тұрған адамның немесе оның отбасы мүшелерінің атында тұрғын үйдің болуы, отбасы мүшелерінің бірінің де тұрғын үй кезегінде тұруы кезекке қоюдан бас тартудың негізгі себептері.
Кезекке қалай тұруға болады?
Отбасы банкінің мәліметінше, соңғы бес жыл ішінде меншігінде тұрғын үйі болмаған барлық кәмелетке толған қазақстандықтар, сондай-ақ жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтар кезекке тұра алады.
Өтінішті orken.otbasybank.kz порталы арқылы беруге болады.
"Қазіргі таңда кезек басқарылатын және болжамды режимге көшті", – деп мәлімдеді Отбасы банкі.
Банк дерегінше, қазіргі уақытта тұрғын үй кезегінде 968 640 қазақстандық тұр. Тұрғын үй бөлу екі негізгі критерий бойынша жүзеге асырылады: кезекке тұрған күні және азаматтардың басым санаты.
Кезекте тұрғандардың шамамен 30 пайызы, яғни 306 632 адам, тұрғын үйді бірінші кезекте алу құқығына ие.
Еске салсақ, 2 наурыздан бастап тұрғын үй кезегінде тұрған қазақстандықтар үшін жаңа талап күшіне енді. Отбасы банктен үй алу үшін әрбір азамат деректерін алдын ала тексеруден өткізуі керек. Инвентаризациядан өтпегендер баспана бөлу процесіне қатыса алмайды.
Жаңа талапта тұрғын үй кезегінде тұрған азамат инвентаризациядан өтпесе, кезектен шығарылмайды. Алайда тексеруден өтпеген азаматқа тұрғын үй бөлінбейді, сондай-ақ 2% және 5% мөлшерлемемен берілетін жеңілдетілген несие немесе жалдамалы баспана ұсынылмайды. Осы мүмкіндіктер тек инвентаризация аяқталғаннан кейін ғана қолжетімді болады.