Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

15 жасқа толмаған футбол жанкүйері стадионды өртеп жіберді

өртке орандыФото: Stan.kz collage

Финляндиядағы әйгілі “Хака” футбол клубының стадионы өртке оранды. Тергеу деректерінің мәліметіне сәйкес оқиғаға клубтың  нәтижелеріне наразы болған жас жанкүйер себеп болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Полиция 15 жасқа толмаған үш жасөспірімді ұстады. Тергеу кезінде олардың бірі стадионға от қойғанын мойындаған.

Өрт салдарынан 400 адамға арналған ағаш трибуна толық жанып кеткен, сондай-ақ жасанды төсеніштің бір бөлігі зақымданған.

Оқиға қасақана өрт қою ретінде тергеліп жатыр. Дегенмен Финляндия заңына сәйкес 15 жасқа толмағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Бірақ бұл олардың келтірілген шығынды өтеуден босатылады дегенді білдірмейді. Бас тергеуші Майястийна Таммистоның айтуынша, кәмелетке толмағандар да материалдық зиянды өтеуге міндетті.

Өрт кешкі уақытта басталып, жалын ағаш орындықтар мен трибуналарға тез тараған. Клуб президенті Марко Лааксонен нақты шығын көлемі әлі есептелмегенін, бірақ оның өте үлкен болатынын айтты. Оның сөзінше, клубқа қазірдің өзінде көп адам қолдау білдіруде және алдағы уақытта да көмектің қажет болатынын атап өтті.

“Хака” клубы үшін бұл оқиға екі есе ауыр соққы болғаны анық. Себебі клуб жуырда ғана Жоғары лигадағы орнын жоғалтып, төменгі дивизионға түсіп қалған еді.

Қазіргі уақытта клуб басшылығы мен Валькеакоски муниципалитеті (әкімдік) стадионды қалпына келтіру жұмыстарын бастауды жоспарлап отыр. Алдағы күндері шығын көлемі нақты анықталып, бұзылуы тиіс конструкциялар белгіленбек. Сонымен қатар газонды тазалау мен жөндеу жұмыстары да қолға алынады.

Ақерке Өмірхан
Жұма, 12 Желтоқсан, 2025 22:31