15 млн теңге көлемінде сыйақы алуға болады: Қазақстанда жемқорлық туралы хабарламаға қанша төленеді?

Сыбайлас жемқорлықты байқаған қазақстандықтар құқықбұзушылық туралы хабарлап, 15 миллион теңге сыйақы ала алады. Яғни Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі параның 10%-ын хабарлаған адамға береді. Дегенмен сыйақы 4000 АЕК-ден, яғни 15 млн 728 000-нан аспайды. Stan.kz ақпарат агенттігі жемқорлық туралы хабарлағаны үшін берілетін сыйақы туралы толығырақ айтып береді.
Бүгінде жемқорлыққа қарсы шараларда халықтың үлесі де бар. Ол үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қарайтын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінде кез келген адам хабарласа алатын call орталық бар. Мұндай орталық 24 сағат жұмыс істейді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметінің call орталығына кез келген адам жемқорлық туралы айтып немесе кеңес сұрап хабарласа алады. Мұндай байланыс құралын Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі қоғамға ашық болу үшін іске қосты.
Айталық, жемқорлық фактісін байқаған, көріп қалған немесе жоспарланып жатқан жайттарды Қазақстан азаматы осы call орталыққа хабарласып, жемқорлық туралы хабарлай алады және ол үшін параның 10% көлеміне тең соманы сыйақы ретінде ала алады. Бұл ретте қызмет өкілдері хабарлама бірден тексерілетініне кепілдік беріп отыр.
Жемқорлық фактісін байқап қалған қазақстандықтар қайда хабарласа алады?
- Call орталыққа, нөмірі - 1424
- WhatsApp-тағы 1424 немесе 8 777 000 1424 чат-ботына
- Сонымен қатар өзі тұратын аймақтағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке барып, шағымдана алады.
Азаматтар call орталықтан не сұрастыра алады?
- Өзі білетін сыбайлас жемқорлық деректерін хабарлай алады.
- Жоспарланып жатқан құқықбұзушылықты жеткізе алады.
- Кәсіпкердің жұмысына кедергі келтіру фактілерін айта алады.
- WhatsApp арқылы жемқорлыққа қатысты мәселеде сұрағын қойып, кеңес ала алады.
Жемқорлық туралы хабарлаған Қазақстан азаматтарына қандай сыйақы бар?
Сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар құқықбұзушылық туралы хабарлаған немесе басқаша жолмен жемқорлыққа қарсы қызметтің жұмысына көмектескен адамға бірреттік ақшалай сыйлық беріледі. Сыйақы кінәлі деп танылған адамға сот қаулысымен үкім шыққан жағдайда беріледі. Бұл қоғамдағы қауіпті әдеттермен күреске ынталандыру мақсатында жүзеге асырылып отыр.
Сыйақы параның 10%-ына тең, бірақ бірреттік сыйақының мөлшері 4000 айлық есептік көрсеткіштен (15 728 000 теңгеден) аспайды. Сонда елімізде сыбайлас жемқорлық фактілерін хабарлап, 15 млн теңге көлемінде сыйақы алуға болады. Бұл ретте жалған хабарламалар үшін азаматтар жауапкершілікке тартылатынын еске салған жөн.
Сонымен қатар, айта кету керек, жемқорлық туралы хабарлаған азаматтардың жеке дерегі құпия сақталады және жеке басына қол сұғылмаушылық, олардың еңбек құқығы бірге қорғалады.
2024 жылы бұл қызметке 26 мыңнан астам хабарлама келіп түскен
Былтыр сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметіне 26 мыңнан астам хабарлама келіп түскен. Оның ішінде 862 хабарлама жемқорлық белгілері бар күдікті оқиғалар туралы болған. Сыйақыны көп алған өңірлер қатарында Қарағанды және Ақтөбе қаласы, Батыс Қазақстан облысы бар. Мұнда 2024 жылы барлығы 10 шақты адам біржолғы сыйақы алған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет былтыр жалпы 35,5 млн теңге соманы 104 азаматқа сыйақы ретінде берді.
"Бағасы Еуропадан 10 есе төмен": Қазақстанға БАӘ, Ұлыбритания, Германиядан шетелдіктер медициналық көмек алуға келеді