Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

15 минутта 10 млн теңге: Бес қызымен жесір қалған келіншектің оқиғасы қазақстандықтарды жылатты

Жұбайы мен асыраушысынан айырылып қалған Феруза Абдуллаеваның оқиғасы бүкіл қазақстандықтардың қабырғасын қайыстырды. Бес баланың анасы жұбайынан былтыр айырылып, енді ол "Кел, татуласайық" бағдарламасына әділдік іздеп келген. Кенжесі Анельдің дүниеге келуіне үш күн қалғанда, жұбайы жол апатына түскен. Ол күйеуінің қатты жүйіткіген көліктің астында қалып, денесі бөлшектенгенін айтады. Жұбайы өмірден өткеннен кейін тұрмыстың тауқыметін жалғыз өзі кешіп жүрген келіншек бір айдан бері тойып тамақ ішпегендерін айтады. Ол жол апатына кінәлілерді жазалауды сұрайды.

Қайғыдан қан жұтып отырған отбасыға көңіл айтып, кешірім сұраудың орнына кінәлілер айғайға басыпты. 

"Енеме қарап, балаң Құдайға керек екен, алды, кетті, не істейсіңдер деді. Мен әдейі өлтірген жоқпын. Алдымнан жүгіріп шығып қалды деді", - деп жылайды Феруза. Көздері жәутіңдеген қаршадай қыздары әкелерін әлі күнге дейін күтіп жүр. Келіншек төртінші қызы әкесін сағынып, түні бойы жылағанын, үш күн ауырғанын айтады. 

Әдейі қаққан жоқпын деген тараптан сот 4 млн теңге өтемақы өндіруге үкім шығарады. Алайда кінәлілер ешқандай ақшам жоқ деген желеумен кейіпкерге қоқан-лоққы көрсеткен. Феруза 14 жыл отасқан жұбайы қайтып келмейтінін, бірақ бұл ақша қыздарының жағдайын жасауға қажет екенін айтады. 

"Денесін көргенше мен сенбедім, бәлкім қате шығар деп. Денесін көргенде мен шок болдым, соншама ауыр жарақат алған. Аяқ-қолым байланып қалдым, ештеңені білмеймін. Көзім тұманданып, көзімді ашсам, скорый шақыртыпты. Сөйлей алмаймын, давлением көтеріліп, өзімнің өмірім тоқтап қалғандай болды. Аяғын тек қана терісі ұстап тұр. Бас сүйегі ішіне кіріп кеткен. Иығы кеткен", - деп еске алады келіншек қаралы күндерді көз жасын тоқтата алмай.

Күйеуінің қазасына себепкер болған адам туыстарын ғана жіберіп, өзі басын иіп, кешірім сұрамаған көрінеді. Марқұмның алған жарақаттары ауыр болғандығы соншалықты, денесін ұстап тұру мүмкін болмапты, қайтыс болған күні жерлепті. 

Бұл күнге дейін қол ұшын созбаған кінәлі тарап адам емес, мал соққандай болып, көңіл білдірудің орнына жекіп кеткен.

Кейіпкер ай сайын өкіметтен 58 мың жәрдемақы алады, оның 45 мыңы пәтерақысына кетеді. Қалған 12 мыңын тамағына жеткізуге мәжбүр. Одан басқа асыраушысынан айырылғандарға төленетін азын-аулақ ақша бар. Ең кенжесі бірнеше айда болғандықтан, әйелдің балаларын тастап, жұмыс істеуге мүмкіндігі жоқ. 

"Бес баламен ешкім алмайды. Суық, бірақ амалдап тұрмыз", - дейді Феруза. Өзге балалардай сыртқа шығып ойнайын десе жылы киімдері жоқ. 

Кейде балаларыма беретін тамақ таппай, қара сумен аш отырған күндеріміз де болған дейді Феруза.

"Анашым бізге тамақ бермейсің бе деп жылайтын күндері бар. Аш қалдық қой деп. Көршілеріміз тамақ істесе, барып қарап, ішкісі келіп. Анашым, тамақ ішкіміз келеді, қарнымыз  ашты деп. Көз жасымды бұлардан жасырып, түнде қатты жылап алам, - дейді көзінің жасын тоқтата алмаған Феруза. - Бәрі жақсы болады, қыздарым. Шамалы шыдайық деп айтам".

Келіншек әлі емізулі баласының да сүтке жарымай қалатынын айтады. 

Үлкендері Әсем палауды ең сүйікті тағамы ретінде атады. "Әкем қазір Құдайдың қасында, аспанда" деген балақай бүкіл көрерменнің жүрегін елжіретті. 

Бағдарлама авторлары "Көп түкірсе, көл" демекші, Ферузаның оқиғасынан кейін, бағдарлама аяқтала сала 15 минутта қазақстандықтардан 10 млн теңге түскенін айтады. Алдағы уақытта отбасының баспана мәселесін шешу көзделіп отыр. Феруза балалары бір айдан бері бір тойып тамақ ішкенін айтады. 

 

Талқылау