"15 миллионға жуық адам дауыс берді": Экрем Имамоглу ресми түрде Түркия президенттігіне үміткер болды
23 наурызда Түркияның оппозициялық Республикалық Халық партиясының алдын ала сайлауында 15 миллион адам биліктен қуылып, тұтқындалған Стамбул мэрі Экрем Имамоглуға қолдау білдіріп, дауыс берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Sözcü басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: akittv.com.tr
Имамоглының жақтастары жексенбі күнгі праймеризде дауыс беріп, Стамбул мэрін Республикалық Халық партиясы (Cumhuriyet Halk Partisi) президенттігіне кандидат етіп ресми түрде сайлады.
"23 наурызда партиямыздың 1 миллион 653 мың мүшесі еліміздің болашақ президенті Экрем Имамоглуға дауыс берді. Бұл қазіргі төңкеріс әрекетіне шешуші жауап. Сондай-ақ біз азаматтарды дауыс беруге шақырдық. Біз олардан болашақ президент Экрем үшін 13,21 миллион дауыс алдық. Оған барлығы 14,85 миллионнан астам адам дауыс берді", – деді партия басшысы Озгур Озел.
Фото: sozcu.com.tr
Ол Ердоғанды мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізу туралы шешім қабылдауға және оларда Имамоглумен бәсекелесуге шақырды.
Алдын ала сайлаудың нәтижелері жарияланған соң Экрем Имамоглу Силиври түрмесінен алғашқы жазбасын жариялады.
"Силиври түрмесінен мені қатты қуантқан жаңалықты сіздермен бөліскім келеді. Республикалық Халық партиясының президенттік сайлауы рекордтық деңгейде өтті. 15 миллион азаматымыз дауыс берді. Елде үкіметтің қысымынан, бұзылған экономикадан, біліксіздік пен заңсыздықтан зардап шеккен ондаған миллион адам өз таңдауын жасады", – деп жазды ол.
Фото: sozcu.com.tr
Ал Ыстамбұл мен Түркияның басқа да қалаларында Экрем Имамоглының тұтқындалуына қарсы наразылық бес күннен бері тоқтамай жатыр.
Reuters мәліметінше, 23 наурызда түнде Стамбулдың қамауға алынған мэрін қолдауға жарты миллионға жуық азамат шықты. Полициямен қақтығыстар орын алды.
Ал түркиялық кей басылымдардың айтуынша, саяси дағдарыс ел экономикасына кері әсерін тигізіп жатыр. Стамбул биржасының BIST 100 индексі үш күнде 16 пайыздан астам құлдырады. Үкімет ұлттық валютаны тұрақтандыру үшін миллиардтаған долларды қоқысқа тастауға мәжбүр деп жазады басылым.
"Біз нарықтың дұрыс жұмыс істеуі үшін барлық қажетті шараларды қабылдап жатырмыз. Жалған ақпараттарға сенбеңіздер", – деді Түркияның қаржы министрі Мехмет Шимшек бұл ақпаратқа.
Айта кетейік, бұған дейін Ыстамбұл мэрі қамауға алынған соң түрік лирасының бағамы рекордтық деңгейде құлдырағаны туралы жазған едік. Кейіннен Ыстамбұл мэрінің қамауға алынуына байланысты жаппай наразылық шерулері басталған.