15 миллион теңгеге бүйрегін сатпақ болған қарағандылық рақымшылыққа ілікті
Фото: Stan.kz
Ақтөбе соты қарызға батып, өз бүйрегін сатуға қойған 27 жастағы ер адамды қылмыстық жауапкершіліктен босатты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақтөбе соты ағза саудасына қатысты қаралған қылмыстық іске нүкте қойды. 15 млн теңгеге сатпақ болған қарағандылық азамат рақымшылыққа ілікті.
“Данияр Ақтаев Қылмыстық кодекстің 24 бабы 3 бөлігі, 116 бабы 1 бөлігімен айыпталғанымен, Конституцияның 30 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа байланысты Қылмыстық кодекстің 78 бабы 2 бөлігі негізінде қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Қылмыстық іс жүргізу қылмыстық-процестік кодекстің 35-бабы 1 бөлігі 3 тармағы (Іс бойынша іс жүргізуді болғызбайтын мән-жайлар) негізінде тоқтатылсын. Күзетпен ұстау туралы бұлтартпау шарасы жойылсын”, – деді судья Аян Кусаев.
Іс материалдарына сүйенсек, қылмыс 2025 жылдың сәуір айында болған. Сотталушы өзінің қарызын өтеу үшін әлеуметтік желі арқылы бүйрегін сату туралы хабарлама шығарған.
“Данияр А. жұмыссыз жүріп, заңсыз пайда тауып, қарыз жабу мақсатында қылмыс жасаған. 8 сәуірде өзінің бүйрегі, ағзасын тез сату мақсатында Telegram әлеуметтік желісіне хабарлама қалдырып, ұсыныстар алған. 22 сәуір күні Қарағандыдан билет алып, 28 сәуір күні Ақтөбе қаласына келеді. Заңсыз әрекетін соңына дейін жеткізу үшін медициналық тексеруден өтеді. Ол 25-30 сәуір аралығында сатып алушы жалдап берген пәтерде тұрады. 30 сәуір күні сатып алушы, жалдамалы пәтерде Данияр. А-ға., 7,5 миллион теңге ақшаны береді. Данияр ойға алған заңсыз ісін соңына дейін жеткізе алмай, полици қызметкерлері ұстайды”, – деді прокурор Әділет Ньютонұлы.
Данияр А., 1998 жылы Қарағанды облысында туған. Білімі орта, бойдақ, жұмыссыз. Қарағанды облысы Нұра ауданы Нұра кентінде тұрады.
Еске салсақ, бұған дейін бүйрегін саудалап қарыздарынан құтылмақ болған қазақстандықтың полицияға ұсталғаны туралы хабарлаған едік.

"Ет, құрт, қазы, музыкалық аспап алып кіре алмайды": Қазақстандықтар ұшаққа отырарда нені ескеруі тиіс
