Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"15 қымбат көлік сатып алған": Атырауда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан тіс емдеуге деп 200 миллиард теңге ұрлаған топ ұсталды

зейнетақы қорыФото: Видеодан скрин

Атырау облысында қаржылық мониторинг агенттігі мен прокуратураның үйлестіруімен Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 200 млрд теңгеден астам қаражатты заңсыз шешіп алуға қатысы бар қылмыстық топтар әшкереленді. Күдіктілердің қымбат көліктері, жылжымайтын мүліктері мен зергерлік бұйымдары тәркіленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Атап айтқанда, "Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан" қаражатты заңсыз шешіп алуға жәрдем көрсеткен 5 қылмыстық топтың әрекеті әшкерленді. Ол үшін ұйымдастырушылар жалған құжаттарды рәсімдеу арқылы елдің әр өңірінде (Атырау, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және басқа қалаларда) орналасқандай етіп 30-дан астам стоматологиялық клиникаларды пайдаланған.

Шын мәнінде, бұл медицина ұйымдары тек қағаз жүзінде болған, халыққа ешқандай қызмет көрсетпеген. Олардың ғимараттары да, жабдықтары да, білікті қызметкерлері де болмаған. Клиникалардың басшылары мен құрылтайшыларының медициналық білімі де жоқ.

Жалған медициналық құжаттарды рәсімдегені үшін күдіктілер азаматтардың алған қаражатынан 10%-дан 20%-ға дейін заңсыз сыйақы ұстап отырған. Жиналған ақшаны қолма-қол ақшаға айналдыру үшін қылмыстық топтар 226 "дропперді" пайдаланған. Жалпы, 200 млрд теңгеден астам қаржы айналымнан шығарылған.

Зейнетақы салымшыларының қаражатына күдіктілер жалпы құны 600 миллион теңгеден асатын 15 қымбат автокөлік (Mercedes-Benz G-class, GLE, BMW X7, Porsche Taycan, Cadillac Escalade) сатып алған. Сонымен қатар олар зергерлік бұйымдар, коммерциялық нысандар, пәтерлер мен жер телімдерін иемденген. Қылмыстық жолмен табылған мүлікті іздестіру жалғасуда. Қазіргі уақытта 59 тінту жүргізіліп, 10 адамға қатысты бұлтартпау шарасы қолданылып отыр.

"Сонымен бірге тергеу барысында тек зейнетақы активтерін заңсыз шығару схемасын ұйымдастырушылардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі. Өзінің жинақталған зейнетақы қаражатын алған азаматтар қылмыстық жауапкершілікке тартылмайды. Қылмыстық процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды. Ұсталғандардың қорғану құқығы бұзылып жатыр деген мәліметтер шындыққа жанаспайтынын хабарлаймыз. Барлық процессуалдық әреке қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізіліп жатыр. Әр күдіктінің адвокаттарымен байланысы шектелмеген", – делінген хабарламада.


"Қазатомөнеркәсіптегі" жанжал: Бұрынғы топ-менеджер 86 миллион теңгені жымқырды деп айыпталды


Шығын 1,2 миллиард теңге: Елімізде әлеуметтік төлемдер арқылы алаяқтық жасаған шенеуніктер мен есепшілер ұсталды


Еске салайық, бұған дейін Шығыс Қазақстан облысында Халыққа қызмет көрсету орталығының бұрынғы басшысы сотталғанын жазған едік. Ол 2023 жылдың ақпан-қазан айлары аралығында азаматтардан жүргізуші куәлігін алу үшін заңсыз сыйақы алып отырған. Тергеу барысында оның банктегі шотына 32 миллион теңгеден астам қаражат түскені, бұл қаржыны жасыру үшін бірнеше рет аударымдар жасағаны анықталды. Сондай-ақ күдікті қылмыстық жолмен Өскеменнен екі бөлмелі пәтер сатып алып, оны анасының атына рәсімдеген. Кейін пәтерді жалға беріп, қосымша табыс тапқан. Сот үкімімен пәтер мемлекет кірісіне тәркіленіп, экс-басшыға 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

Айым Атамбаева
Дүйсенбі, 15 Қыркүйек, 2025 16:33
Талқылау