Тыныштық күні мен референдум күніне қатысты шектеулер: Не істеуге тыйым салынады

13 наурызда республикалық референдум алдындағы үгіт-насихат кезеңі аяқталады. Ақпаратты Орталық референдум комиссиясының мүшесі Ләззат Сүйіндік мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, “Республикалық референдум туралы” Конституциялық заңның 7-бабының 4-тармағына сәйкес, референдум алдындағы күні және референдум өткізу күні кез келген үгіт-насихатқа тыйым салынады.
“Ертең, яғни 00:00-де үгіт-насихат кезеңі аяқталады. Сол сәттен бастап “тыныштық күні” басталады. Бұл 14 наурыз және 15 наурыз, яғни дауыс беру күні, кез келген насихатқа тыйым салынатынын білдіреді. Бұл талаптар заңмен белгіленген және сайлау процесіне қатысатын барлық тұлғалар үшін міндетті”, – деді Ляззат Сүйіндік.
Сондай-ақ алдын ала орналастырылған баспа насихат материалдары мен плакаттар өз орнында қалуы мүмкін.
Ләззат Сүйіндік қоғамдық пікір сауалнамаларын жүргізу ережелеріне де тоқталды.
“Республикалық референдум туралы” Конституциялық заңның 7-1-бабына сәйкес, мұндай сауалнамалар Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы заңда белгіленген талаптарды сақтап жүргізіледі. Атап айтқанда, заңның 28-бабының 9-тармағы бойынша, дауыс беруден бес күн бұрын және дауыс беру күні қоғамдық пікір сауалнамаларының нәтижелерін, референдум болжамдарын және референдумға қатысты басқа зерттеулерді БАҚ-та немесе онлайн платформаларда жариялауға тыйым салынады.
Комиссия өкілінің айтуынша, дауыс беру күні сайлау учаскелерінің ішінде қоғамдық пікірге сауалнама жүргізуге рұқсат етілмейді. Азаматтардың пікірін тек учаскеден шыққаннан кейін ғана сұрауға болады. Мұндай сауалнама жүргізетін ұйымдар алдын ала Орталық референдум комиссиясын хабардар етуге тиіс.
Заңда көрсетілген осы талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.
Референдум-2026: Астанада сайлау учаскесін қалай анықтауға болады
Референдум өтетін күні қазақстандықтар қоғамдық көлікте тегін жүре алады
Қандай жазалау қарастырылған
Ережені бұзғаны үшін әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 102-бабына сәйкес жауапкершілік қарастырылған – “тыйым салынған кезеңде сайлау алдындағы насихатты жүргізу”.
Айыппұл мөлшері:
- Жеке тұлғаларға – 15 АЕК (2026 жылы 55 380 теңге);
- Шағын бизнес субъектілеріне және коммерциялық емес ұйымдарға – 20 АЕК (73 840 теңге);
- Орта бизнес субъектілеріне – 25 АЕК (92 300 теңге);
- Ірі бизнес субъектілеріне – 35 АЕК (129 220 теңге).
"4 миллион теңге күйіп кетті": Мерекеде қызғалдақ сатқан қазақстандық кәсіпкерлер биыл шығынға батқан