"14 метрге ұшып кеткен": Қазақстандық қызын қағып өлтірген адамның бостандықта жүргенін айтып, көмек сұрады
Фото: Тiktok.com/@kuralay.07_04
Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны Құралай Дәулетқан осыдан үш ай бұрын қапыда қызынан айырылып қалды. Ол Рауан Конопьянов есімді азаматтың жаяу жүргіншілер жолында кетіп бара жатқан қызын қатты жылдамдықпен келіп қағып кетіп, қазір жазасыз, бостандықта жүргенін айтып дабыл қақты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қайғылы жағдай биыл тамыздың 21 күні болған. Құлынжон ауылында қатты жылдамдықпен келе жатқан Рауан Конопьянов жаяу жүргішілер жолынан өтіп бара жатқан қызын көлікпен қағып кеткен.
“Қызым Фархатқызы Гаухар басынан ауыр жарақат алып, 9 қыркүйекте облыстық балалар ауруханасының Анестезиология және реанимация орталығында қайтыс болды. Жүргізуші елді мекен ішінде қатты жылдамдықпен жүрген. Жол апаты кезінде қызым басымен көліктің алдыңғы терезесіне соғылып, әйнек күл-талқан болған. Соққыдан қызым 14 метрге ұшып кеткен. Жолдағы қоршауға соғылмағанда одан да ұзап кетер еді. Аяғындағы аяқкиімі ұшып кетіп, көрші үйдің ауласына түскен. Жол апатынан кейін қызым 3 деңгейдегі комаға түсті. 19 күннен кейін есін жимастан қайтыс болды”, – дейді жүрегі қан жылаған ана.
Айтуынша, қызының өліміне себеп болған көлік жүргізушісі жазадан құтылудың амалын жасап жүр. Ол үшін тіпті таныстарына шыққан. Гаухардың ата-анасы қызының өмірі үшін күресіп жүргенде құқық қорғау органдары күдіктіге көмектескен дейді әйел.
“Жол апатынан бері үш ай өтті. Бірақ кінәлі адам әлі де бостандықта жүр. Органдардың әрекетсіздігі мен салғырттығын марқұмның тағдырына деген енжарлық деп есептеймін. Мен күнәсіз, мейірімді, енді ғана өмір сүріп бастаған, өз арман-мақсаты бар жалғыз қызымнан айырылдым. Қазір мен инсульт алғалы 1-топтағы мүгедекпін. Қызым – менің тірегім, үмітім, көмекшім еді. Ол университетке түсу үшін ұзақ жылдар бойы дайындалды. Оқуға кетуіне 3 күн қалған еді. Мақсатым – кек алу емес, әділдіктің орнауы”, – дейді марқұмның анасы.
Болған жағдайға қатысты Шығыс Қазақстан облысының полициясына ресми сұрау жолдадық. Ведомство болған жағдайды растады.
“Аталған факті бойынша полиция департаментінің тергеу басқармасымен Қылмыстық кодекстің 345-бабы 3-бөлігі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс аясында зардап шеккен тараптың өтініштерін ескере отырып кешенді сот сараптамасы тағайындалды, оның нәтижесі бойынша заңды процессуалдық шешім қабылданады. Қылмыстық процессуалды кодекстің 201-бабы 1-бөлігіне сай, өзге ақпараттар жариялауға жатпайды”, – деп жауап берді ведомство.
“Не үшін тудық, не үшін бақтық?”: Ата-ананың балаға өзін асырау міндетін жүктеуі қазақстандықтар арасында қызу талқыланды