Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жыл бойы жұмыс істейтін аквапарк, шаңғы базалары және жағажайлар: Келешекте Щучинск-Бурабай курорттық аймағында не пайда болады

Премьер-министр Олжас Бектенов Щучинск-Бурабай курорттық аймағы туризмін дамытудың 2025-2029 жылдарға арналған кешенді жоспарын бекіту туралы қаулыға қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: shoes-web.ru

Мәліметтерге сенсек, құжат 137,2 миллиард теңгені құрайтын 118 шараны қамтиды және туристік инфрақұрылымды, көлік логистикасын, цифрлық шешімдерді, қауіпсіздік жүйелерін дамытуға, сондай-ақ инвестиция тартуға бағытталған.

"Жоспарға сәйкес демалыс орнын жаңғырту негізгі бағыттарды, соның ішінде жыл бойы жұмыс істейтін туристік нысандар салуды, экологиялық және спорттық туризмді дамытуды, жаңа рекреациялық аймақтар құрылысын қамтиды. Атап айтқанда, Қатаркөл көлінің жанында балалар орталықтарын, спорттық-сауықтыру кешендерін және жыл бойы аквапарк ұйымдастыру қарастырылып отыр. Жүкей көлінің маңында кемпингтер, глемпингтер және жаңа туристік бағыттар ашылады. Ал Кіші Шабақты көлінде жалға беру станциялары, қайық тұрағы, жағалау инфрақұрылымы мен жағажайлар болады", – делінген хабарламада.

Қысқы демалыс түрлерін дамыту кеңінен жоспарланған, олардың арасында шаңғымен сырғанау ерекше сұранысқа ие. Спорттық жабдықтарды жалға беретін, тамақтану орны мен кәдесый дүкендері бар шаңғы базасын ұйымдастыру жоспарланған.

Курорттық аймаққа қол жеткізудің ыңғайлы болуын қамтамасыз ету үшін көлік инфрақұрылымы, оның ішінде визит-орталықтары бар көпдеңгейлі тұрақтар және тамақтану пункттері салынады.

"Жоспарды іске асыру келуші туристер санының 35 мыңнан 94 мың адамға дейін ұлғаюына, туризм саласындағы жұмыспен қамту көрсеткішінің 22 мыңнан 32,5 мың адамға дейін өсуіне және 22,7 миллиард теңге мөлшерінде жеке инвестициялар тартады деп болжанып отыр. Өңір экономикасындағы туризм үлесі 1,4%-дан 3,5%-ға дейін ұлғаюға тиіс", – деді үкімет.



Еске салайық, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде туризм экономикасы артта қалып, жұмыс мардымсыз жүріп жатқанын айтқан еді. Президенттің айтуынша, бұл бағытта жұмыс баяу жүріп жатыр. Елде көрікті жерлер көп болғанымен, инфрақұрылым жеткіліксіз дейді Тоқаев. Сондықтан жеке инвесторларды тартып, қажетті жағдай жасауды тапсырды. Ол Бозжыра оқиғасын еске алып, инвестицияға қарсы пікірлерге ермеу керектігін ескертті. Сонымен қатар үкімет пен жергілікті билік іскерлік ахуалды жақсарту үшін батыл қадамдар жасауға тиіс екенін баса айтты.

Талқылау