Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"13 магнит табылды": Алматыда балалар магнитті конструктор жұтып қойған

Алматы қалалық Балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының дәрігерлері магнит жұтып қойған екі бірдей баланы құтқарып қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: cdnmp.kz

Қаңтар айының басында екі жасар бала магнитті конструктор жұтып қойған. 13 магнит жұтып қойған бүлдіршіннің іші ауырып, ауруханаға жеткізілді. Бөгде зат баланың ішегінді тұрып қалып, перитонит және инфекциялық-токсикалық шок тудырған.

“Біз орталық лапаротомия жасап, аш ішектен барлық 13 магнитті алып тастадық. Отадан кейін бала біраз уақыт жансақтау бөлімінде реаниматологтардың бақылауында болды. Содан кейін мамандандырылған бөлімге ауыстырылып, бір аптадан кейін үйіне шығарылды”, – дейді дәрігерлер.

Араға бір ай салып ауруханаға магнит жұтып қойған 7 жастағы бала жеткізілді. Бала құсып, әлсіреп, іші ауырған. Не болғанын түсінбеген ата-анасы дәрігерлердің көмегіне жүгінген. Ауруханада ем алған жеткіншек үйіне шығарылды.

“Екі күрделі ота жасауға тура келді: орталық лапаротомия, ішек өтімсіздігін жою, 13 магнитті алып тастау, жіңішке анастомоз қою, санация, трансаналды интубация және құрсақ қуысын дренаждау”, – дейді медицина қызметкерлері. 

Дәрігерлер ата-аналарға бала бөтен зат жұтып қойса дереу медициналық көмекке жүгінуге кеңес берді.

Бұған дейін Қостанайда үш жасар бала магнит жұтып қойса да, дәрігерлер ота жасамай қойғаны туралы жазған едік.

Талқылау