Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"122 миллиард теңге тиімсіз пайдаланылған": "Самұрық-Қазына" қорына жүргізілген тексеріс нәтижесі жарияланды

Фото: Stan.kz

Жоғары аудиторлық палата "Самұрық Қазына" қорына және оның еншілес компанияларына тексеріс жүргізді. Мемлекетке тиесілі ірі компанияларды басқаратын холдинг жұмысынан біраз кемшіліктер анықталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Тексеріс шаралары Қордың корпоративтік орталық ретіндегі қызметін, “Қазатомөнеркәсіп”, Samruk-Kazyna Ondeu және басқа да бірқатар компанияны қамтыды. Жалпы 18 заңды тұлғаға аудит жүргізілді. 

Жоғары аудиторлық палата мәліметінше, 2018-2021 жылдарға арналған қорды трансформациялау бағдарламасының аясында 8 компанияны халықаралық деңгейге шығару керек еді. Алайда бұл мақсат орындалмаған. Ал бағдарламадан тек 154,5 миллиард теңге пайда түскен. Бұл бастапқы түсуі керек сомадан екі есе аз болып шықты.

Қордан корпоративтік басқару деңгейінің жеткіліксіздігі байқалды. Ал стратегиялық құжаттар дұрыс дайындалмаған. Холдинг менеджменті бекітілген жоспарларды кейіннен төмендетіп отырған. Бастапқыда қойылған мақсаттарды "жеңілдетіп", өзгертіп жіберген. Осыған орай аудиторлар Даму жоспарының орындалуына бақылауды күшейту керек деген ескерту жасады.

7 ақпараттық жүйенің ішінде Қор тек 4 жүйені пайдаланады. Басқарушылық есеп жүйесі (SAP BPC) дұрыс жұмыс істемейді. Ал бірқатар компания бойынша қаржылық есеп қолмен жүргізіледі.

Аудиторлық палата өкілдері "Самұрық-Қазынада" ішкі нормативтік құжаттарды жүйелеуге жеткілікті көңіл бөлінбейтінін айтты. Олардың шамамен 15%-ы қолданылмайды, қайта қарауды немесе күшін жоюды талап етеді.

Директорлар кеңесі жанындағы 5 комитеттің үшеуі (стратегия жөніндегі, Трансформация бағдарламасының орындалуын бақылау жөніндегі, мамандандырылған комитет) жұмыс істемейді. Ал қор Басқармасы жанындағы 7 комитеттің 2024 жылдан бері екеуі (жаңғырту және тұрақты даму жөніндегі) жұмыс істемейді.

“Нәтижесінде холдингтің құрылымы тым күрделі күйге жеткен. Қор тобына 6 деңгейге бөлінген 326 компания кіреді. 2020-2024 жылдары Қор тобында 23 белсенді емес компания болған, ал 2024 жылдың қорытындысы бойынша 41 компания шығынмен аяқтаған. Бұл активтер құрылымын оңтайландырудың және оларды тиімді басқарудың маңызды әлеуетін көрсетеді”, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ олар инвест жобалардың іске асырылуын ерекше бақылап отыру керек дейді. 2020 жылдан 2024 жылдың 30 қыркүйегіне дейін қор тобының 175 жобасының тек 49-ы ғана аяқталған.

Жалпы аудит қорытындысы бойынша:

351,8 миллион теңге көлемінде қаржылық бұзушылықтар;
122,2 миллиард теңге сомасында тиімсіз жоспарлау және қаражатты пайдалану фактілері анықталды;
119 жүйелік кемшілік тіркелді;
Бірқатар материал әкімшілік іс қозғау үшін жолданды, ал кейбірі құқық қорғау органдарына жіберілді.

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 28 Қараша, 2025 11:15