120 миллион теңгеге алаяқтық жасаған Атыраудағы жекеменшік мектеп басшысы сотталды

Атырауда жүзден астам ата-ананы шамамен 120 миллион теңгеге шығынға ұшыратқан LETS School жекеменшік мектебіне қатысты іс бойынша сот үкімі шықты. Лицензиясыз жұмыс істеп, оқу үшін алдын ала төлем алған жоба жетекшісі аса ірі көлемдегі алаяқтық үшін алты жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Атырауда жүздеген отбасын 120 миллион теңгеге жуық шығынға ұшыратқан LETS School жекеменшік мектебінің тарихына нүкте қойылды. Бір жылға жуық уақытқа созылған тергеу мен сот барысында мектептің білім беру қызметіне лицензиясыз жұмыс бастағаны анықталды. Соған қарамастан, ол белсенді түрде жарнамаланып, ата-аналармен оқу үшін бір жылдық міндетті алдын ала төлеммен келісімшарттар жасасқан.
Ата-аналарды тереңдетілген дайындық, сабақтардың кешкі сағат 18:00-ге дейін өтуі, Назарбаев зияткерлік мектебі түсуге арналған қосымша курстар, ҰБТ-дағы жоғары нәтижелер, сондай-ақ дұрыс тамақтану мен тасымалдау қызметі сияқты уәделермен тартқан. Қысқасы, табысты болашаққа кепілдік берілгендей көрсетілген.
2024 жылғы 1 қыркүйекте мектеп салтанатты түрде ашылып, 2025 жылдың ақпанында жанжалмен жабылды. Алғашқы айларда сабақтар кесте бойынша өткен. Алайда қысқа қарай жалақы кешіктіріліп, мұғалімдер сабаққа шықпай қояды, сабақтар жиі тоқтай бастаған.
Осылайша, оқу жылының ортасында ата-аналар балаларын шұғыл түрде жалпы білім беретін мектептерге ауыстыруға мәжбүр болды. Ал көпшілігі оқу ақысын бірден бір жылға алдын ала төлеп қойған. Орташа есеппен бір балаға шамамен 1 миллион теңге төленген. Кейбір отбасылар екі немесе одан да көп бала үшін бірден бірнеше миллион теңге аударған.
Сотта жүзден астам ата-ана жәбірленуші деп танылды. Жоба жетекшісі кінәсін мойындамай, ешкімді алдау ниеті болмағанын айтты. Оның сөзінше, қаражат жөндеу жұмыстарына, жалға алу ақысына, құрал-жабдық пен жалақыға жұмсалған, ал жоба қаржылық жүктемені көтере алмаған.
Алайда сот бұл уәждерді қабылдамады. Ол Қылмыстық кодекстің 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (Аса ірі мөлшердегі алаяқтық) бойынша кінәлі деп танылып, орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеумен алты жылға бас бостандығынан айырылды.
- 23 миллион теңгеге сан соқтырды делінген қазақстандық желіде өзін "алаяқ" дегендерді сотқа беріп, жеңіліп қалды
-
Өздерін салық қызметкері деп таныстырған алаяқтар қазақстандық зейнеткерді сан соқтырды
Еске салайық, бұған дейін Түркістан облысындағы Байдібек ауданында білім саласының қызметкерлері мектептердің бюджеттік өтінімдерін негізсіз көбейтіп, жалған құжаттар мен деректер арқылы қаражат жымқырған. Келтірілген 583 млн теңге шығын тергеу барысында өтеліп, сот 14 адамды 3-7 жылға бас бостандығынан айырды.
"Денем кез келген уақытта ісіп кетеді": Қазақстандық өзінің ісік ауруымен ауыратынын 50 жылдан кейін ғана білген