12 жасар қыз депутаттың күйеуінен жүкті болды: Жамбыл облысында мектеп директоры мен дәрігерлер сотталды
Жамбыл облыстық сотында 12 жасар қызды зорлау және заңсыз аборт жасату бойынша қылмыстық іс қаралды. Болған жағдайға мектеп директоры, мектеп әкімшілігі мен мектеп дәрігерлері кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Orda.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: freepik.com
Кінәлілер сотталғанымен, аппеляциялық олардың бірінің жазасын жеңілдеткен көрінеді.
Жантүршігерлік жағдай 2023 жылы қараша айында Саудакент ауылында болды. 12 жастағы мектеп-интернат оқушысы аудандық мәслихат депутаты Галина Мороздың күйеуінен жүкті болып қалған. Жаңатас қаласында жүргізілген УДЗ қыздың жүкті екенін растады.Кейін жасөспірім қыз түсік жасатқан. Ол өзіне ота жасаған дәрігердің бет-әлпетін көрмеген. Кейін депутат Галина Мороз күйеуімен ажырасуға ниетті екенін айтты.
Жарты жыл бұрын қызды зорлаған 55 жастағы қылмыскер 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Одан бөлек бірнеше бап бойынша мектеп директоры мен мектеп дәрігерлері сотталды. Олар аса ауыр қылмыс туралы хабарламау, заңсыз түсік жасату, ұйымдасқан және қылмыстық құқық бұзушылыққа қатысу баптары бойынша кінәлі деп танылды. Сот үкімімен:
- Мектеп-интернат директоры Лаура Нұрмаханова екі жылға бас бостандығынан айырылды;
- Мектеп директорының орынбасары, мектеп психологы мен медбикенің әрқайсысына үш жыл бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалып, кәсіптік қызметпен айналысуға тыйым салынды;
- Акушер-гинеколог Еркебұлан Қожабеков бір жылға бас бостандығынан айырылды.
Сот отырысы жабық режимде өтті.
Жасөспірімге заңсыз аборт жасаған дәрігердің адвокаты сот үкімімен келіспей, аппеляциялық сотқа шағым түсірді. Нәтижесінде Еркебұлан Қожабеков тек бас бостандығынан шектелді.
Еске салсақ, бұған дейін Жамбыл облысында депутаттың күйеуі 12 жастағы оқушыны жүкті етті деп айыпталғаны туралы жазған едік. Бұл факті бойынша үш қылмыстық іс қозғалған: қылмыс туралы хабарламау, заңсыз түсік жасату және зорлау.