"12 мүшесі сау ма деп уайымдадым": Гүлзира Айдарбекова тұңғыш немересіне жантебірентерлік жазба жариялады
Танымал продюсер, кәсіпкер Гүлзира Айдарбекова тұңғышы Қайрат Нұртастың қызына арнап жазба жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Сезім Қайратқызы туған күнін анасымен бірге Катар елінде қарсы алды.
“Атасының жекеменшік қызы Сезім немереміздің туған күні. Тұла бойым тұңғышымның тұңғышы, туған күніңмен, ботам! Бақыттың бәрі қуанышты сәттерден тұрады. Сол ең керемет біздегі сезім, ол сенің дүние есігін ашқан күнің. Өмірің ғұмырлы болсын!”, – деп бастады әңгімесін продюсер.
Сондай-ақ осыдан 16 жыл бұрынғы оқиғаны да есіне алды.
“Сол күнгі қуанышымызда шек болған жоқ, атасы мені құшақтап аспанға жас балаша секіріп, ұйықтап жатқан Қайратқа жүгіріп барып, қуаныштан айқайлап оятқанда, Қайрат ұйқылы-ояу шошып тұрды. Екеуіміз киіне сала перзентханаға зуылдап жетіп бардық. Жеткен күйде үстімізге халатты іле сала жылдамдықты күшейтіп, туфлиімнің дыбысы бүкіл бөлмеге естілетіндей күйде келемін. Түрім суық. Жұлдызға жалт қарадым, амандаспастан бөпемізге жетіп бардым да, жылдам жаялықтарын ашып жатқанымды көріп, медбикелер де, келінім де аң-таң. Сондағы бар ойым он екі мүшесі сау ма, түрі кімге ұқсайды. Бәрі дұрыс, тек мен күткен қыз аппақ, көзі танадай Жұлдызға ұқсаған қыз болуы керек еді, көзі сығырайған қап-қара қыз жатыр. Сасқанымнан Жұлдызға қарап, “неге саған ұқсамаған?” деп жалт қараппын. Содан кейін барып келінімді сүйіп құттықтап, бәріне сүйінші таратып, немеремді иіскеп мәре-сәре болдық”, – деп еске алады өнерлі әже.
Жазба барысында үш ұлдың анасы қыз армандағанын да жасырмады.
“Менің негізі өтірік күлуім қиын, бүкіл эмоциямды көрсетіп қоямын. Босанды дегенді есітіп қуаныштың көз жасы онда бар, қатты қуанғаныммен, жол бойы уайымдап қорқып барғанмын ғой, соны жасыра алмағанымды әлі күнге дейін еске алып күліп отырамыз. Қыз армандаған анамын, содан ойыншық көрсем де, киім көрсемде өтіп кетпей үйге таси беретінді шығардым. Мына видеоның ішінде титтей бөпе Сезімнің басындағы паригі, өзімен бірдей қуыршақты Қытайдан арқаланып, алып келгенбіз атасы екеуіміз, сол қуыршақтың паригі. Менің өмірімдегі ең қуанышты, жүрегімде ерекше сезім орнатқан қызыма сол себепті ойлана-ойлана Сезім деп есімін өзім қойдым. Сезімім, сезімтал қыз болып өсіп келеді. Алла бақ берсін!”, – деп жазды продюсер.
Желі қолданушылары немересіне ақжарма тілектерін жаудырып жатыр.