Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"12 мүшем сау болса екен": Әнші Төреғали Төреәлінің әйелі ерекше қызының арманын бөлісті

Төреғали Төреәлінің қызы Кәусар жұртты жылатты
Фото: Видеодан скриншот

Танымал әнші Төреғали Төреәлінің жары Толқын Тұрарбекқызы тұңғыш қызы Кәусардың жеке күнделігіне жазылған “Бақыттың кілті” атты арманын бөлісті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өнер иесінің жары Толқын Тұрарбекқызы әлеуметтік желідегі парақшасында видео жариялап, “Кәусардың күнделігі” атты жаңа айдар жүргізетінін айтты. Оның сөзінше, тұңғышы Кәусар бір жылдан бері жеке күнделігін жүргізеді. 

Ол видео барысында қызының былтыр жазда жазған “Бақыттың кілті” атты ойынан үзінді оқып берді. 

“Мен үшін бақыттың кілті – 12 мүшемнің сау болуы, өз қолыммен тамақтану, ата-анама үй пен көлік әперу, тұрмысқа шығу. Бұған қоса, өз үйімде тамақтанып, демалу, рахаттанып жату. Алладан осы дұғамды сұрап, сөйлесемін. Өз орнымнан тұрып кетсем екен, үлкен үйім болса екен, өзім отырып айнаға қарап, боянғым келеді”, – деп жазған ол.

Сондай-ақ әншінің қызы болашақта тұрмысқа шығып, ата-енесіне қызмет еткісі келетінін жазған.

“Өзімнің үйімде балаларым жылап, “Мама, тамақ бермейсің бе?” деп жылап, жүгіріп жүрсе екен. Мен тұрмысқа шығып, ата-енеме қызмет жасағым келеді. Болашақ күйеуімнің әкесіне, яғни болашақ қайын атама сәлем салып, қызмет жасағым келеді. Менің ата-анам мен күйеуімнің ата-анасын жолықтырып, бір дастархан басында отырғызғым келеді. Мен, күйеуім және ата-анам төртеуміз отырып, әңгіме айтқым келеді”, – деп жазған ол.

Желі қолданушылары Кәусардың арманы жайлы видеоны жылы қабылдап, қолдау білдіріп жатыр. 

“Ниетіңе жете ғой”, “Алла барлық тілегіңді қабыл етсін”, “Бар тілегің орындалсын”, “Жүрегі қандай кең еді!”, “Періштенің тілегі қабыл болсын”, – деп жазған олар.

Айта кетейік, бұған дейін Төреғали Төреәлінің тұңғышы көпшіліктің жүрегін елжіреткені хабарланған еді. 

Бұған қоса, әнші қызының диагнозы туралы алғаш білген сәтін айтып берген еді.

Балнұр Жұмаділла
Жұма, 30 Қаңтар, 2026 00:20