Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

11 жасында далада қалған алматылық қалай табысты кәсіпкерге айналды

Алматылық Дмитрий Егоров 11 жасында үйсіз-күйсіз қалған. Жастай үйінен кетуге мәжбүр болған ол алғашқыда жертөледе түнеп, газет сатумен айналысқан-ды. Талай аштықты бастан кешіріп, өмірдің ауыртпашылығын ерте сезінген жігіт бүгінде оңтүстік астанадағы табысты кәсіпкерлердің біріне айналған, деп хабарлайды Stan.kz.

Өзімнен кейінгі жастарға үлгі, тым құрығанда мотивация болсын! Осыны мақсат тұтқан Дмитрий бастан кешкен хикаясын Facebook-тегі парақшасында баяндады.

“Неліктен қатарластарым менен жақсы өмір сүреді? Өмір неге әділетсіз? Бала кезімде осы сұрақтарды өзіме жиі қоятынмын. Себебі 11 жасымда үйімнен кетуге мәжбүр болдым. Қиынға соқты, себебі жертөледе, шатырда түнедім. 6-сыныпты әзер дегенде аяқтап, мектепті тастауға мәжбүр болдым. Күндізгі уақытта көлік жуып, оны қарауылдаумен айналыстым, тегін “Денсаулық” газетін саттым. 2 жылдан кейін автобусқа кондуктор болып жұмысқа орналастым”, – деп бастады әңгімесін Дима.

24 жастағы жігіттің айтуынша, қоғамдық көлікке күн сайын мінетін жолаушылардың бірі оған ұсыныс жасап, өмірін өзгертуге мүмкіндік берген. Нақтырақ айтсақ, жолаушы Дмитрийге жарнама қағаздарын ілуді ұсынған. Әр қағазға 3 теңге алған күндері Дмитрийдің есінде жақсы сақталған.

“Бір жылдан кейін бастығымды орнынан тайдырдым, яғни оны жұмыстан шығарып, орнына мені қойды. Алайда менің жалақым онікінен 5 есе аз болды. Жасым 13-те болғандықтан, басшылық ешқайда кетпейтінімді білді”, – деген Дима сол жылдары компания кеңсесінде өмір сүргенін айтады.

“Орындықта ұйықтадым, ең кішісі болғандықтан дүкенге бару менің міндетім еді”, – деп еске алады кәсіпкер.

Айтуынша, 2008 жылы дағдарыс басталып, басшылық оның айлық жалақысын төлей алмаған.

“Айлығым небәрі 40 мың теңге, ал олар маған 100 мың теңгеден аса қарыз болды. Қол қусырып қарап отыра алмайтынымды түсіндім. Сонда бастығым барлығымыз бірігіп ақша жинаған сандықшаны алуды ұсынды. Ауызша қарыздан гөрі қолма қол ақша әлдеқайда дұрыс деп соны таңдадым. Оның ішінен 36 мың теңге шықты”, – дейді Дмитрий.

36 мың теңгені қалтаға салған жас жігіт компаниядан жұмыстан шыққанын айтады. Бұл кезде Дима небәрі 15 жаста. Қалайда аяққа тұруды көздеген ол мұнымен тоқтап қалмайды. Күндіз-түні жұмыс іздейді. Алайда кәмілеттік жасқа толмаған жігітті ешкім жұмысқа қабылдамайды. Сол кезде жас жігіт өз жұмысын бастауға бел буады.

“Бұрын жұмыс істеген компаниямның жұмысын қайталадым. Бағанағы 36 мың теңгеге принтер, 4 бума қағаз және қалалық телефон сатып алдым. Жарнама қағаздарын шығарып, көшелерге іліп шықтым. Кейін бұрынғы компаниядағы мамандардан тапсырыс алып отыруға келістім. Табысты теңдей бөлісеміз дедім. Сонымен 15 жасымда өз жұмысымды бастап кеттім. 16 жасымда алғашқы көлігімді сатып алдым”, – дейді Дмитрий.

17 жасқа толғанда Дмитрий екінші көлігіне қол жеткізеді. Кәмілеттік жасқа толмаған жігіт тағы да бір жыл куәліксіз көлік айдағанын айтады.

“Егер тәртіпті бұзбасаң, сені ешкім тоқтатпайды екен. Бірақ сонда да куәліктің орнына 5 мың теңге ұстап жүрдім”, – дейді Дима.

Иә, бұдан кейін Дима компанияны кеңейтіп, бірнеше адамды жұмыспен қамтиды. 5 жыл ішінде мол ақшаға кенеліп, тіпті табысы миллионға дейін барады. Алайда бұл қуаныш көпке созылмайды. 2012 жылы Диманың кеңсесіне ұры түседі.

“Сол шақта құқық қорғау органдарына қатты ашуландым. Ақырында компаниямды сатып жібердім, тіпті Қазақстаннан кеткім келді. Бірнеше рет талпындым да, алайда виза ала алмадым. Бұл уақыт аралығында Сбербарнкте жұмыс істедім. Әртүрлі салада өзімді сынап көрдім. Не істемедім десеңізші?! Білімім болмаса да, IT мен Бухгалтерия, т.б. салалардың маманына айналдым”, – дейді Дмитрий.

Алғашқыда салы суға кетіп, елден кетпекші болған Дмитрий үш жыл ішінде қайта аяққа тұрады. 2015 жылы ол «Айтиматика» атты жеке компаниясының негізін қалайды. Аталған компания компьютер жөндеу және соған қатысты дүниелермен айналысады.

“3 жыл ішінде штат көлемін 13 қызметкерге дейін ұлғайтып, табысымды ондаған миллионнан асырдым. Ал қазір қыс мезгілінде жылы жақтарда демаламын, мықты көлік мінемін, жалпы шалқып өмір сүремін”, – дейді 24 жастағы жігіт.

Нашар өмірді көргендіктен және солай өмір сүруді қаламағандықтан үнемі тәуекелге барып отырдым, дейді Дима.

“Қай жерде, кім болып дүниеге келсең де, білімің, алғашқы капиталың бар болса да, жоқ болса да табысты болуға мүмкіндік бар. Бұл хикая арқылы осыны айтқым келді”, – дейді Дмитрий Николаевич.

Айта кетейік, Диманың компаниясы бүгінде 50 мекемеге қызмет көрсетеді.

Жіберіп алмаңыз:

Биыл еліміздің он екі аймағында коммуналдық қызмет бағасы өседі

Жаңа жылдан бастап Қазақстанның төрт облысында газ қымбаттады

Қарағандылық кәсіпкер далада қалған отбасыға үш бөлмелі пәтер сыйлады (фото)

Кәсіпкер Қайрат Құдайберген қазақ қыздарының ақшаға шешінгеніне жігіттерді кінәлады

Талқылау