1,1 миллиардтық дабыл жүйесі ісіне жауаптылар түрме жазасынан құтылып кеткен: Жүйені орнатпақ болған "TNS-INTEC" компаниясының Әлиевпен байланысы қандай?
Фото: Stan.kz
Жуырда Алматы гарнизонының әскери соты 1,1 миллиард теңгеге орнатылған, бірақ жер сілкінісі кезінде жұмыс істемей қалған дабыл жүйесіне қатысты істің нүктесін қойғандай болды. Алайда миллиардтаған теңге желге ұшқанына қарамастан, төтенше жағдай департаменті басшылары мен жүйені орнатқан мердігер компанияның өкілдері шартты жаза алып, бостандықта қалған. Stan.kz осы компанияның артында кімдер тұрғанын, неге жүйе сол күні үнсіз қалғанын және не себепті дәл осы фирма сотталғаннан кейін де мемлекеттік тапсырыстарды алып отырғанын зерттеді.
Бұған дейін "Әділдік жолы" қоғамдық бірлестігінің өкілі Дидар Смағұлов төтенше жағдайлар министрлігінің ресми түсіндірмелері өзара қарама-қайшы болғанын айтқан еді. Оның сөзінше, әуелі, "жер сілкінісі әлсіз болды, бес балға жетпеді, сондықтан хабарлау қажет болмады" деген. Келесі күні "жүйе әлі сынақ режимінде" деп ақталды. Ал соңында "жүйе сәл жұмыс істеді, бірақ толық іске қосылмады" деген уәж айтты. Президент бұл істі жеке бақылауына алып, бас прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінен кінәлілерді қатаң тексеруді тапсырған еді.
Осылайша, Алматы гарнизонының әскери соты Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасарларын жер сілкінісі кезінде ерте хабарлау жүйесін қабылдау барысында немқұрайлық танытқаны үшін, сондай-ақ автоматтандырылған жүйені сатып алу кезінде тиісті бақылауды қамтамасыз етпеген авторлық және техникалық қадағалау өкілдерін айыпты деп таныды. Былтыр қаңтарда қалада 5 балдық жер сілкінісі болған кезде бұл жүйе жұмыс істемеген еді.
Сот үкіміне сәйкес сотталғандардың кейбірі амнистияға байланысты немесе қылмыстық істің ескіру мерзімі өтіп кеткендіктен жазадан босатылды, ал қалғандары шартты жаза алды.
Бұл іс бойынша айыпталушылар орындығында төтенше жағдайлар департаменті басшысының үш орынбасары Ерлан Алибеков, Самат Асаинов және Асан Айтеев отырды. Сондай-ақ айыпталушылар қатарында мердігер ұйым "TNS-INTEC" ЖШС-нің бас директоры Дәурен Шангереев, авторлық қадағалау инженері "СТРОЙТЕКС компаниясы" ЖШС-нің қызметкері Талғат Тәжібаев және техникалық қадағалау инженері "Мегалиты Алматы" ЖШС-нің өкілі Асқар Абдуллаев болды.
Іс материалдарына сенсек Алматыда күшті жер сілкінісі туралы ерте ескерту жүйесін орнату жөніндегі келісімшарт ТЖД мен "TNS-INTEC" ЖШС арасында 2022 жылдың маусым айында жасалған. Шарттың жалпы сомасы 1,1 миллиард теңгеден асқан. Сметалық құжаттамаға сай компания әрбір станцияның айналасына тот баспайтын болаттан тоқылған тордан қоршау орнатып, жабдыққа арналған климаттық бақылау жүйесі бар дала шкабын орнатуы тиіс болған.
Фото: goszakup.gov.kz скрин
Сот үкіміне сәйкес "TNS-INTEC" ЖШС бас директоры Дәурен Шангереев тот баспайтын болаттан жасалған қоршау орнына арзан мырышталған тор орнатып, климаттық бақылауы жоқ шкафтар қойған. Соған қарамастан, актілерде бәрі "техникалық талаптарға сай" деп көрсетіліп, мердігерге 27,9 миллион теңге заңсыз аударылған. ТЖД басшылары Ерлан Алибеков, Самат Асаинов және Асан Айтеев бұл құжаттарға қол қойып, жүйені толық тексермей қабылдаған. Айтеев жабдықтың сертификаты болмай тұрса да, пайдалануға беру актісін бекіткен. Осылайша, "TNS-INTEC"-ке келісімшарт сомасының соңғы бөлігі 56 миллион теңге мерзімінен бұрын төленген.
Қадағалау жүргізген "СТРОЙТЕКС" пен "Мегалиты Алматы" компанияларының инженерлері де өз міндетін орындамаған. 2024 жылдың қаңтар-наурыз айларында болған жер сілкіністерінде жүйе мүлде іске қосылмаған.
Сот үкімі бойынша басты айыпталушы, "TNS-INTEC" ЖШС бас директоры Дәурен Шангереев алаяқтық және сенімді теріс пайдалану арқылы бюджет қаржысын иемденгені үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылды, бірақ амнистияға байланысты жаза 4 жылға қысқартылып, шартты түрде өтеу және пробациялық бақылау белгіленді.
Фото: ТЖД / Ерлан Алибеков, Самат Асаинов, Асан Айтеев
Алматы қаласы ТЖД басшысының орынбасарлары:
• Ерлан Алибеков – актілерді тексермей бекіткен, қылмыстық істің ескіру мерзімі өтуіне байланысты жауапкершіліктен босатылды, әскери шенін сақтап қалды;
• Самат Асаинов – дәл осындай айыппен істің ескіруіне байланысты жазадан босатылды, шенінен айырылған жоқ;
• Асан Айтеев – техникалық талаптар орындалмаса да жүйені қабылдағаны үшін 2 жыл 6 ай шартты жаза және пробациялық бақылау алды, әскери шенін де сақтап қалды.
Қадағалау жүргізген инженерлер:
• Талғат Тәжібаев ("СТРОЙТЕКС" ЖШС) және
• Асқар Абдуллаев ("Мегалиты Алматы" ЖШС) инжинирингтік бақылауда немқұрайлық танытқаны үшін 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасына кесілді, бірақ амнистияға байланысты түрмеге отырмады.
Осылайша, жүйенің істен шығуына тікелей жауапты тұлғалардың ешқайсысы нақты түрме жазасын алған жоқ — барлығы шартты түрде немесе амнистия арқылы құтылды.
Енді редакция "TNS-INTEC" ЖШС-нің тарихын да мұқият зерттеп көрді. Белгілі болғандай, компанияны бұрынғы бас директор Дәурен Шангереевке дейін бірнеше адам басқарған, ал фирманың өзі мемлекеттік тендерлерге қатысуда түрлі айла-амалдарға барған. Компанияның артында нақты кім тұрғанын да анықтадық.
"TNS-INTEC": Миллиардтаған теңге игерген компания қалайша қайтадан тапсырыс алды?
Зерттеу барысында анықталғандай, "TNS-INTEC" компаниясы соңғы 28 жылда жеті рет басшылық ауыстырған. Ұйымды әр кезеңде түрлі тұлғалар басқарған: алғашқы жылдары оны Тимур Хамзин (1997-2009) жетекшілік етсе, кейін Талғат Нгуманов (2009-2012), Талғат Данияров (2012-2018), Асхат Аралбаев (2018-2020) және Агзам Мурзатаев (2020-2021) басқарған. Ең қызығы, Дәурен Шангереев екі мәрте бас директор болған, алдымен 2021 жылдың қыркүйегінен 2023 жылдың желтоқсанына дейін, кейін қайтадан 2023 жылдың соңынан 2025 жылдың мамырына дейін. Қазір компанияны Артем Челноков басқарады.
Ал ұйымның өзі мемлекеттік тендерлерге қатысу кезінде түрлі айла-амалдарға барғаны байқалады. Компанияның тарихы 1997 жылдан басталады, ал соңғы қайта тіркеуі 2023 жылы жүргізілген.
Қаржы деректеріне көз жүгіртсек, фирманың жылдық айналымы 2,4 млрд теңгеден асады, ал жалпы мемлекеттік келісімшарттар сомасы 10 млрд теңгеге жуық. Компанияның ең ірі серіктесі "Астана-Энергия" АҚ, ол жалпы келісімшарт көлемінің 48,63%-ын, яғни 866,5 миллион теңге болады.
Маңызды серіктестердің бірі Алматы қаласы төтенше жағдайлар департаменті (ҚР ТЖМ), оған шамамен 2,1 миллиард теңге тиесілі. Сондай-ақ компания "Астана – Өңірлік электр желілік компаниясы" АҚ-пен де табысты жұмыс істеп келеді. Бұл бағыттағы келісімдер көлемі 1,51 миллиард теңгеге шамалас.
Фото: Adata.kz
Бұдан бөлек, Көкшетау қаласының құрылыс бөліміне (707 миллион теңге), "Алматытеплокоммунэнерго" ЖШС-не (262 миллион теңге), "Қазсушар" РМК-ның Жетісу филиалына (237 миллион теңге) және "Алматы Су" ШЖҚ МКК-ға (221,5 миллион теңге) тиесілі жобалар жүзеге асырылған.
Сондай-ақ Жамбыл облысының Төтенше жағдайлар департаментімен (102 миллион теңге) де ынтымақтастық орнатылған.
Жалпы алғанда, компанияның ең ірі жобалары энергетика, төтенше жағдайлар және құрылыс салаларында шоғырланған.
Ең қызығы, "TNS-INTEC" бұл атышулы іске қатысты сотта аталғанына қарамастан, "Самұрық-Қазына" қорымен серіктестігін тоқтатпаған.
Алайда Adata.kz деректер базасында бұл компанияның жер сілкінісіне қатысты қылмыстық істер бойынша ешқандай мәлімет тіркелмеген. Тек 2 әкімшілік іс және 23 азаматтық іс бар екені анықталған. Соған қарамастан, компанияның есепшоты қазіргі уақытта бұғатталған, ал басқа тапсырыс беруші алдындағы берешегі 58 миллион теңгеден асып кеткен.
Бірақ ең таңғаларлығы, мұның бәріне қарамастан, "TNS-INTEC" пен Алматы ТЖД серіктестігін үзбеген. 2025 жылы тараптар қайтадан келісімшартқа отырған. Бұл жолы келісімнің тақырыбы "Алматы қаласындағы күшті жер сілкіністері туралы ерте хабарлау жүйесіне техникалық қызмет көрсету", ал сомасы бар болғаны 31 222 000 теңге.
Егер салыстырып қарасақ, бұл сома 2022 жылғы 1,1 миллиард теңгелік келісімнен 35,2 есе аз.
“TNS-INTEC” компаниясының Нұрали Әлиевпен қандай байланысы болған?
Дәл осы компания жер сілкінісін ерте хабарлау жобасынан бөлек, сел қаупін бақылау жүйелерін жасаған. Бірақ көп ұзамай бұл ұйымның аты Нұрали Әлиевтің бизнес құрылымдарымен байланысы бар деген деректермен қатар атала бастады.
Мемлекеттік сатып алу деректеріне және ашық көздердегі ақпаратқа сенсек, компанияның бұрынғы құрылтайшысы "Darmen Holding" ЖШС. Ал бұл ұйымның иелері қатарында Қуанышбек Жұманов пен Greatex Capital Holding B.V. болған. Қуанышбек Жұманов Нұрали Әлиев негізін қалаған "Жанарту" қорының директоры ретінде танымал. Ал Greatex Capital Holding B.V. компаниясы Әлиевтің халықаралық бизнес құрылымдарына кіретіні туралы ақпараттар бар.
Фото: Adata.kz
Сонымен қатар TNS-INTEC-ті бір кезеңде басқарған Темірлан Есенгазиев те Нұрали Әлиевтің жобаларымен және қорларымен байланысты тұлға ретінде көрсетіледі.
Осылайша, TNS-INTEC-тің иелері мен басшылығының құрамы Нұрали Әлиевтің айналасындағы адамдармен тығыз байланыста болған. Компания дәл сол кезеңде төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) Алматы және басқа да мемлекеттік құрылымдардан миллиардтаған теңгеге тендерлер ұтып алған.
Мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметтерге сәйкес, TNS-INTEC 2019 жылдан бері ТЖД Алматыдан миллиардтаған теңге көлемінде тендер ұтып келген. Тек сейсмодатчиктер жүйесі үшін 1,1 млрд теңге, ал сел қаупін бақылау жүйесіне 787 млн теңге бөлінген.
Алайда, 2022 жылы компанияның аты құжаттарды қолдан жасау дауына ілікті. ТЖД Алматы қызметкерлері тендер кезінде тендерде ұсынылған мамандардың сертификаттары фоторедакторда түзетілгенін анықтады. Ведомство сот арқылы TNS-INTEC-ті жалған құжат ұсынған және мемлекеттік сатып алуға қатысу құқығынан айыру жөнінде шағым түсірген. Бірақ сот талап қою мерзімінің өтіп кетуін негізге алып, шағымды қанағаттандырмаған.
Фото: goszakup.gov.kz скрин
Бұған қарамастан, келесі жылы, 2023 жылы компания сол ТЖД-ның өзінен тағы бір тендерді ұтып алды, бұл жолы 41,3 миллион теңгелік техникалық қызмет көрсетуге арналған келісімшарт.
Фото: goszakup.gov.kz скрин
Қызығы, дәл осы уақытта TNS-INTEC-тің иелері бірнеше рет ауысты. 2022 жылдың қарашасында компанияның құрылтайшысы өзгеріп, оны Оразғали Нурмашев иеленді. Ал 2023 жылғы 23 қаңтарда, Алматыда жер сілкінісі болған күні, компания Дәурен Шангереевтің атына өткен. 2015 жылдан бері бұл компания мемлекеттік бюджеттен жалпы сомасы 4,1 млрд теңгеге жуық қаражат алған.
"Соңы қуғын-сүргінге алып келеді": Белсенділер Қазақстан депутаттарының ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы шешіміне қарсы шықты