Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"100 мыңнан 5 миллион теңгеге дейін қаржы кетеді": Қазақстандықтар жаназа рәсіміне аста-төк дастархан жайып, шығындалатындарды сынады

Фото: Stan.kz/ChatGPT арқылы жасалды

Әлеуметтік желіде қазақстандық азамат қара жамылған отбасының аста-төк дастархан жайып, қонақ күтуге мәжбүр болатынын айтты. Онсыз да жақыны қайтқан адамның марқұмды жоқтауға уақыт таппай, ас дайындау үшін асханаға жүгіретінін сынады. Осы орайда Stan.kz этнограф пен имамнан мұның дұрыс я бұрысын сұрап білді.

Қазақстандық дәстүр бойынша қаралы үйге тағамды көрші-қолаңы мен туыстары әкелуі тиіс екенін жеткізді. Ол бұл мәселені Threads әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. 

"Шыны керек, мұндай ас берудің мәнін әлі күнге дейін түсінбеймін. Дәстүр бойынша қара жамылған отбасыға ауыртпалық салмау үшін, жақындары немесе көрші-қолаң ас әкелетін еді. Ал бізде керісінше, адам өмірден өтеді, ал сен таңнан кешке дейін тынбай шапқылап, жұрт тамақ ішіп, тоқ қайтуы үшін барыңды саласың", – дейді қазақстандық.

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz сайты сауалнама жүргізіп, оқырмандардан жақыны қайтқанда қанша қаржы жұмсағанын сұрап білді. Олардың айтуы бойынша, марқұмды еске алып, ас беруге кеткен шығын 100 мың теңгеден 5 миллион теңгеге дейін барған. 

100 мың теңгеден 5 миллион теңгеге дейін 

Бір оқырманымыз жақыны қайтыс болғанда жалпы 100 мың теңге шығын кеткенін айтты. Оның сөзінше, ол тұратын өңірде марқұмды жерлейтін орынды ауылдастары немесе жақындары қазып береді екен. 

“Жалпы 100 000 теңгеге шығындалдық. Бұл – дастархан жайып, тәбәрік таратуға кеткен ақша. Оның үстіне біздің өңірде адамды жерлейтін көрді жақындары қазып, дайындап береді”, – дейді оқырманымыз.

Ал енді бірі 500 мың теңгеден жоғары шығындалғанын, тағы бірі 1 миллион теңге кеткенін айтып, оның нақты неге жұмсалғанын жеткізді.

“Әкемнің жерлеу рәсіміне 512 000 теңге жұмсадық. 200 000 теңгеге жабағы, 132 000 теңге әкемнің киіміне, құралдары мен тарататын тәбәрікке жұмсалды. Ал 160 000 теңгеге азық түлік алдық”.

“Жерлеу күніне 1 000 000 теңге кетті. 350 000 теңгеге жылқы сатып алдық. Ол ет жаназасы мен жеті күндік асына жетті. 500 000 теңгеге азық-түлік алдық. Үлкен кісі болған соң 45 000 теңгеге жыртысқа мата, сүлгі алдық. Ал жерленген орнын қоршауға 85 000 теңге жұмсалды”.

"Былтыр қайынатам қайтыс болды. Жалпы шығын 1 360 000 теңге болды. Жеті және қырық күндік асына ірі қара мал алдық. Азық-түлікке 400 000 теңге кетті. Әр апта бейсенбілігіне 200 000 теңге жұмсалды. Туыстар қой, ұн әкеп берді. Жақында жылдық асын өткізіп, оған 150 келі ет алдық. Оның келісі 2 400 теңгеден, жалпы 360 000 теңге кетті. Ол кезде азық-түлікке тағы 400 000 теңге жұмсадық. Келген қонақтар жалпы 200 000 теңгедей беріп кетті. Ол ақша да шығынды жабуға көмектесті".

Түйе немесе сиыр соясың

Енді бір оқырманымыз марқұмның жерлеу рәсімін өткізгеннің өзіне бір сиыр немесе бір түйе керегін, оған шамамен 1,5 миллион теңгедей жұмсалатынын айтты.

“Бір орташа түйе немесе сиыр алып соясың. Ол 350-400 келі жобасында болса, бір келісін 2 500 теңгеден немесе тірідей есептегенде 900 000 теңге немесе 1 миллион теңге жобасында жұмсалады. Себебі қонақ асы, жаназа күні келетін адамдар бар. Оларға ет асасың немесе палау дайындайсың. Жалпы ас-тамағы, дастархан дайындауға 1 200 000 – 1 300 000 теңге жұмсалады”, – дейді оқырман. 

Оқырмандардың бірі жалпы жаназа, жеті және қырық күндік асына 2 миллион теңге жұмсалғанын айтты. 

"Атам қайтыс болғанда жалпы 2 миллион теңге қаржы кетті. Зират басына 500 000 теңге жұмсадық. Одан кейін 500 000 мың теңгеге жылқы, 200 000 теңгеге қой алдық. Сосын жеті, қырық күндік асын мейрамханада өткіздік. Оған да біраз шығындалдық", – дейді енді бірі.

Павлодарлық жақынының қырық күндік асына дейін шығындарын есептеп берді. Оның айтуынша, марқұмның жаназасын өткізуден бастап, қырық күндік асына жалпы 2 миллион 310 мың теңге жұмсалған. 

“350 мың теңге тойхана жалдадық. 450 000 теңге етіне, 400 000 теңге ас суына жұмсалды. Келген жұртшылыққа 70 мың теңгеге орамал таратып, 50 мың теңге садақа бердік. Марқұмды жерлейтін орынға 30 000 теңге, қонақ асына дәмхана жалдадық, оған 120 мың теңге кетті. Жалпы бұл – жақынымыз қайтыс болған кезде 350 адамға кеткен шығын. Одан соң бас көтеруге 90 000 теңге кетті. Ал қырық күндік асын өткізуге 180 адамға 750 000 теңге жұмсалды. Бізде асқа кәмпит, салат сынды тамақтар қойылмайды, қатаң түрде тыйым салынған! Ет, құрт, қоспа, май, бауырсақ, бәліш, самса, өрік-мейіз, қант, су қоюға рұқсат”, –дейді оқырмандарымыздың бірі.

“95 жас той деп ақша аямадық”

Ал өскемендік азамат жақыны қайтқанда 3 миллион теңге жұмсалғанын жеткізді.

“95 жастағы нағашы атам қайтыс болған кезде жалпы жаназа рәсімін өткізуге 3 миллион теңге жұмсалды. Атам алдын ала кафеде жасамауды айтып, ескертіп кетті. 3 келі қазысымен 600 мың теңгеге жылқы алдық. Мешітке 300 кісі келді, әр орынға 1 000 теңгеден есептегенде 300 мың теңге жұмсалды. Дастархан жайғанға жалпы 900 мың теңге кетті. Еркектерге 60 көйлек, әйелдерге 200 бет сүртетін түркімен орамалын бердік. Оған 300 мың теңге. 200 мың теңгеге үш автобус жалдап, адамдарды алып бардық. Қабір қазушы 10 адамға 10 мың теңгеден 100 000 теңге берілді. Мәйітті жуындырған 7 адамға 70 000 теңге бердік. Жылқыны сойып, қазы айналдырып берген адамға 30 000 теңге. Рәсімді Өскеменнің Глубоковский ауданы Прапорщиково ауылындағы Халифа Алтай мешітінде өткіздік. 95 жас той деп аямай бәрін салдық”, – дейді өскемендік.

Тағы бір қазақстандық жаназа рәсіміне 3 миллион теңгедей кеткенін айтты. 

“Биыл қаңтар айында әжеміз өмірден озды. Жалпы шығын – 3 миллион теңге болды. Қайтқан күні 800 000 теңгеге үлкен бие, 150 000 теңгеге қой алдық. Дастарқан 400 000 теңге, тарататын тәбәрікке 600 000 теңге, қырық күн құран бағыштаған молдаға 150 000 теңге бердік. Кейін жетісі, бейсенбілігі, қырық және жүз күндік асын өткіздік. Оған да біраз шығындалдық”, – дейді енді бірі.

Енді бір оқырманымыз 4 700 000 теңге жұмсалғанын айтып, нақты шығындарды есептеп берді.

"Жаназасына 600 000 теңгеге жылқы сатып алдық, дәмханаға 1 500 000 теңге, бейіт басын көтеруге 2 300 000 теңге, жыртыс, мәйітханаға 300 000 теңге кетті", – дейді оқырман.

“Қазақ қара жамылған үйге қазан астырмаған”

Этнограф Бұлбұл Кәпқызы желі қолданушысының пікірін қолдап, қазақтың салт-дәстүрінде қара жамылған үйге қазан көтертпейтінін айтты. 

“Қазақтың салт-дәстүрінде қара жамылған үйге қазан астырмаған, қызмет жасатпаған. Керісінше көрші-қолаң асты қаралы үйге әкеліп, тамақтандырған. Бұл жақынын жоқтаған үй адамдарының көңілін жұбату үшін жасалған. Қазақта көңіл айтып келген адамдардың бәріне дастархан жаймаған. Қара жамылып отырған үйде жеті күн қазан көтерілмейді. Апта сайын, қырқына дейін бейсенбілік беріп, үлкен дастархан жаю да дұрыс емес. Ол – ысырап, дарақылық, бері келе шығарылған дүние. Бейсенбі күні қайтқан кісіні еске алып, құран бағыштау керек. Бірақ туыс-туған, көрші-қолаңды шақырудың керегі жоқ”, – дейді этнограф. 

Сондай-ақ этнограф қазақта жеті, қырық деген сандар киелі екенін жеткізді. Сол үшін жетісі мен қырқында ас беру орынды екенін айтты. 

“Қазақта қайтқан адамның жетісін, қырық күндігін берген. Жеті, қырық – қазақ халқы үшін киелі сан. Мәселен бала дүниеге келген соң қырқынан шығарады. Қырық күн шілде деген бар. Ол жаздың ыстық күндері мен қыстың суық күндеріне байланысты айтылады. Одан кейін қайтқан кісінің артынан 41 шелпек пісіреді. Қырық күнде адам өлі мен тірінің арасында жүреді”, – дейді этнограф.

Шариғат бойынша үш күн көңіл айтуға рұқсат беріледі

Ал имам әрі исламтанушы Бауыржан Есмахан шариғат бойынша қара жамылған үйде ас берілмейтінін, оларға ауыртпалық салмау керегін жеткізді. 

“Бұл мәселеге екі тұстан қарауға болады. Бірінші, шариғатқа байланысты. Екіншісі, қазақтың салт-дәстүрі бойынша. Салт-дәстүр шариғатпен етене байланысты. Шариғат бойынша, бір үйде адам қаза тапса, үш күн көңіл айтуға рұқсат беріледі. Одан кейін ол отбасын мазаламау керек. Оның үстіне шариғатқа сәйкес қара жамылған үйде ас берілмейді. Екінші, қазақ халқы бұрыннан көшпенді халық болғандықтан, адам дүниеден озып жатса жақындары киіз үйге ас, суын әкеп, көмектескен. Қазаны бөліссе азаяды, қуанышты бөліссе көбейеді деген мақалды халқымыз берік ұстанған”, – дейді имам.

Сондай-ақ исламтанушы мүфтияттың қаралы үйде аста-төк дастархан жайып, ысырапшылдыққа жол бермеу туралы арнайы ұсыныс әзірлеп жатқанын айтты. 

“Бүгінде көптеген жиындарда өзіміз де куә болып жүрміз. Бір үйде адам қайтса жақындары қимай, жоқтау айтып, қайғырып жатады. Ал мына жақта басқалары үйге қонақ келді, мал сойып, мейрамхана тауып, садақасын, асын беру керек деп әбігерге түседі. Сол үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы арнайы ас мәзіріне дейін ұсыныс әзірледі. “Рәсуаға бармаңыздар, қаралы үй адамдарын қинамаңыздар, ас бергенде өздеріңіз де қиналып, қымбат тағам қоймаңыздар, деп жаппай мешіттерде басшылық жасап, ұсынысын айтып жатыр”, – дейді имам Бауыржан Есмахан.

Айта кетейік, бұған дейін Әлеуметтік желіде жаназа шығарылып жатқанда ақша шашқандар сынға ұшыраған еді. Желі қолданушылары марқұмды ақтық сапарға шығарып салғанда ақша шашып, оны жанталаса жинау дұрыс емес деп санаған. Имамдар да бұл оймен келіскен.

Жұмаділлә Нұрила
Дүйсенбі, 23 Маусым, 2025 16:06
Талқылау