100 миллиард теңгеден астам қарызы бар Назарбаевтың қарындасына тиесілі компания банкрот болғысы келеді

Алматы облысының арнайы ауданаралық экономикалық соты “Group of the Companies TDA” ЖШС банкрот деп тану туралы өтінішін қанағаттандырмады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Kursiv.media-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл компанияның бірлескен иелері – Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасы Әнипа Назарбаева және оның серіктесі Әли Қылышпаев.
2026 жылғы 16 қаңтар жағдайы бойынша компанияның бюджетке салықтар мен басқа міндетті төлемдер бойынша жалпы қарызы 99,2 миллиард теңге болған.
Компания Назарбаевтар отбасының туған ауылында – Шамалғанда (Қарасай ауданы, Алматы облысы) тіркелген және тауарлардың кең ассортиментін көтерме саудада өткізумен айналысқан.
“Өтініш беруші сотқа өз өтінішін компанияның төлем қабілетсіздігі мен борыштарын өтеу мүмкіндігінің жоқтығын негіздеп жолдаған. Ол банкрот деп тануды және банкроттық рәсімін бастауын сұрады”, – делінген құжаттарда.
Алайда Қарасай аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы өкілі, яғни кредитор, компанияның өтінішімен келісіп, қарсы болмаған. Сотта компания мүддесін басшы әрі серіктесі Әли Қылышпаев қорғап, соттан өтінішті қанағаттандыруды сұраған.
Дегенмен, ол кейінгі сот отырысына қатыспады, ал Group of the companies TDA компаниясының уақытша басқарушысы сотқа борышкердің қаржылық тұрақтылығы бойынша қорытынды жасай алмайтындығы туралы акт тапсырды.
Сот қазіргі заңнамаға сәйкес борышкерді банкрот деп тану үшін екі шарттың болуы керек екенін атап өтті – тұрақты төлем қабілетсіздігі және борышкердің несие қабілетсіздігі.
Аудандық мемлекеттік кірістер басқармасы салық қарызын өндіріп алу бойынша шаралар қабылдаған, бірақ нәтижесіз болды. Сонымен қатар борышкер кейінгі үш жылға бухгалтерлік құжаттар мен шоттар бойынша ақша қозғалысы деректерін ұсынбаған, бұл компанияның қаржылық тұрақтылығын анықтауға мүмкіндік бермеген. Осы қаржылық және салықтық есеп берудің болмауы, ақша қозғалысы, пайда мен шығын туралы мәліметтердің жоқтығы сотқа борышкердің несие қабілетсіздігі дәлелденбеген деп санауға мәжбүр етті. Сондықтан сот өтінішті қанағаттандырудан бас тартты.
Сот шешімінде “Group of the companies TDA ЖШС-нің банкрот деп тану және банкроттық рәсімін бастау туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тарту” деп көрсетілген.
2026 жылғы 1 қаңтардағы дерек бойынша, ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қытайдан тауарларды контрабанда жасау айыбымен айыпталған Group of the Companies TDA компаниясының мемлекетке 92,3 миллиард теңге салық қарызы бар деп хабарлады. Қаржылық мониторинг агенттігі 2025 жылғы шілдеде Алматыда Қытайдан тауарларды контрабанда жасау және жалған шот-фактуралар жасау ісі бойынша сот үкімі шыққанын хабарлаған.
АФМ жүргізген тергеу барысында “Group of the Companies TDA” ЖШС уәкілетті экономикалық оператор мәртебесін пайдаланып, Қытайдан 100-ден астам контейнерді заңсыз жолмен елімізге кіргізгені, сондай-ақ бақылауындағы 10 ЖШС арқылы жалған шот-фактуралар жасағаны анықталды.
Мемлекетке келтірілген залал – ҚҚС, КТС және кедендік баж төлемдерін төлемегені салдарынан 10 миллиард теңге болды. Тергеу барысында 643 миллион теңге қайтарылған. Сот санкциясымен тауарларға 1,3 миллиард теңге және күдіктілердің мүлкіне (жер учаскелері, көліктер) 300 миллион теңге дейін шектеу қойылды.
"Кенжехан" базарын әлі күнге дейін Әнипа Назарбаева басқара ма – Министр сауалға жауап берді
Алматының салық қызметкерлері Назарбаевтың қарындасының үстінен сотқа шағым түсірді
Айта кетейік, бұған дейін Назарбаевтың қарындасына тиесілі компания Қытайдан тауарларды заңсыз әкелумен айналысқаны хабарланған еді.
Еміне 1,5 миллиард теңге қажет: Қазақстандық 7 жасар баланың бұлшықеттері әлсізденіп, жүруі қиындаған