16 миллиард теңге табыс тапқан: Үш баланың анасы Nazira Gold қаржы пирамидасын қалай құрғаны белгілі болды

Фото: Stan.kz
Шымкентте атышулы қаржы пирамидасына қатысты сот үкімі шықты. Алданғандар саны 4 мыңнан асады. Әрқайсысы 1 келіден жоғары бағалы бұйымды табыстаған. Бірақ сотта олардың 148-і ғана жәбірленуші деп танылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Nazira Gold қаржы пирамидасы бойынша 9 адам сотталды. Оның жетеуі әйел екен. Ұйымның төбесінде 28 жастағы үш баланың анасы Нәзира Нұржанова тұрған. Келіншек табыс табасыздар деп жұрттың алтындарын жинап алған.
Бір жылға жуық уақытқа созылған тергеу мен сот нәтижесінде Нәзира Нұржанова10 жылға бас бостандығынан айрылды. Алайда кәмелет жасына толмаған балалары болғандықтан, жазасын кішкентайлары 14 жасқа толғанда өтейді. Мұндай жеңілдік сотталушы 6 әйелге де берілді. Олардың барлығына сот 5 жылдан бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған еді.
Алайда жәбірленушілер бұған келіспейді. Олар жәбірленуші деп танылу үшін 3 жылдан бері арызданып жүргенін айтады.
"2022-де мені алдаған. 2023-те 11 адамды алдаған. Бұл адамда бас бостандығынан шектеу болған. Еш уақытта сотталмаған деген өтірік, 2-3 рет сотталған. Енді оны үйқамаққа жібере салады. Бұл сот әділетсіз болды. 25 миллионның затын бергенмін. 1 келі алтын бердім. Мен осы уақытқа дейін шырылдап келе жатырмын. Сот әділ болмады. Барлық материалды қарап негізсіз деп танып тұр. Неге? Мен тағы Жоғары сотқа жазамын", – деді жәбірленуші Қарлығаш Бекболатова.
Алданғандар арасында арбаға таңылған мүмкіндігі шектеулі азаматтар да бар. Олар ем қабылдау үшін пайдаға кенелгіміз келген еді дейді. Сот Нәзира Нұржановаға екі ай ішінде алған соманы қайтаруды міндеттеді. Бұған келіншектің өзі де уәде беріпті.
"Жәбірленушілер аударған сома 16 миллиардты қоса алып, тәркіленген алтын бұйымдармен санаған кезде 2 миллиардқа жетер-жетпес болады. Қаржы пирамидасының тағы белгісі – 16 миллиард теңгеден 2 млрд бар, қалған 14 миллиардтың ізі жоқ", – деді Шымкент қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Мадияр Абдрасилов.
Судья тергеуде бірқатар күдікті назардан тыс қалып қойғанын айтты. Олардың тағдыры алдағы сотта шешілмек.
ТЭЦ-тің газға ауысуы Алматыдағы лас ауа проблемасын шеше ала ма: Сарапшылар мегаполистегі қалың тұмша неден түзілетінін талдап берді