"10 жылға сотталуы мүмкін": Венгрияда жоғалып кеткен Шымкент тұрғынына қатысты жаңа деректер белгілі болды
Венгрияда жоғалып кеткен 27 жастағы Қанатбек Өтебектің әпкесі жаңа деректермен бөлісті. Айтуынша, інісі қазір өзге елде түрмеде отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar басылымына сілтеме жасап.
Роза Өтебек інісінің шетелдіктерді заңсыз тасымалдағаны үшін істі болуы мүмкін екенін айтады. Туыстары Венгриядағы Қазақстан елшілігі көмек көрсетеді деп сенім артып отыр. Сөзінше, Қанатбек 10 күннен бері түрмеде отыр.
"Әзірбайжандық әйел қоңырау шалып, Қанатбектің абақтыда екенін айтты. Жақында соты болады деді. Оның бұрын істі болмағаны туралы анықтама жинау керегін айтты. Олардың заңын білмейміз, 10 жылға сотталып кете ме деп қорқамыз. Кейін елшілікпен тағы байланысқа шығып, түрменің мекенжайын жібердік. Елшілік өкілдері Қанатбектің расымен түрмеде екенін және үстінен шетелдіктерді заңсыз тасымалдағаны үшін іс қозғалғанын растады. Мән-жайын нақты білмейміз. Ешкім ештеңе айтпайды. Елшілікте бізге адвокат жалдау керегін ғана айтты. Байланыс нөмірін жібереміз деген, бірақ 10 күн өтті", – деді Роза Өтебек,
Айта кетейік, бұған дейін Венгрияда 27 жастағы қазақстандық азамат белгісіз жағдайда жоғалып кеткені туралы хабарлаған едік. Соңғы рет оны туыстары Instagram желісінде тікелей эфирге шыққанда көрген