Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"10% не үшін": Қазақстанда Земфираның өтпей қалған концертіне билет алғандар шағым білдірді

шағым білдірдіФото: Видеодан скрин

Қазақстанда Земфираның өтпей қалған концерті төңірегінде шу шықты. Билет сатып алушылар ақшаны қайтарып алу кезінде компанияның қызмет ақысы ретінде 10% ұстап қалғанына наразылығын білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Әлеуметтік желіде қолданушылар мәселені талқылап, түрлі пікір жазып жатыр. 

"Билет сатып алғандардың бәрі ақшасын қайтарып алды. қызмет ақысы ретінде 10 пайыз ұстап қалды. Неліктен белгісіз? Концерт халықтың кесірінен болмай қалған жоқ қой", "Неліктен қызмет үшін ақы алынды? Бұл нағыз тонау ғой. Енді бұл компаниядан билет алмаймын. 2350 теңге неге басқаның қалтасына салуым керек. @zakazbiletov.kz, тым болмаса бір промокод беріңіз", "Мұндай комиссия ұстау орынсыз. Қайдағы ұйымдастыру? Сіздер не ұйымдастырып қойдыңыздар сонда?", – деп жазды олар.

Халықаралық билет агенттігінің сайтында және пікірлерге берілген жауапта "сервис үшін алынатын ақы" туралы жазылған. Оферта шартына сәйкес, билетті қайтарғанда оның құнының 10 пайызы ұсталып қалады екен.



“Қызмет үшін алынатын ақы Тапсырыс берушіден/Клиенттен қосымша алынатын төлем. Ол билет брондау/ресімдеу, билет жіберу және ақшаны қайтару процесін ұйымдастырғаны үшін Орындаушыға төленетін сыйақы ретінде есептеледі. Қызмет ақысы қандай жағдайда да, билет сатып алушы өзі қайтарса да, концерт өтпей қалса да қайтарылмайды”, – делінген компания жауабында. 

“Бұл келісімшарт, заң талаптарына қайшы келеді. Қазақстанда тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң бар. Онда "тұтынушының құқығын шектейтін шарттар болмауы тиіс" деп нақты жазылған. Ал бұл жағдайда тұтынушының құқығы тікелей бұзылып отыр. Азаматтық кодексте де мұндай әрекеттерге жол берілмейтіні көрсетілген және тұтынушыға келтірілген залал толық өтелуі керек. Сондықтан менің ойымша, қай жағынан алып қарасаңыз да, бұл ұйымның әрекеті дұрыс емес”, – деді заңгер Сергей Уткин. 

Заңгер қазақстандықтарға Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне шағымдануға немесе сотқа жүгінуге кеңес берді.

Айта кетейік, бұған дейін 2026 жылғы футболдан әлем чемпионатына билеттер сату күні белгілі болғаны туралы жазған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 23 Шілде, 2025 10:18
Талқылау