Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

1 желтоқсаннан бастап көлікті лизингке беру бағдарламасы сөз жүзінде іске қосылды, алайда жұмыс істемей тұр

Фото: freepik.com

Қазақстанда жеке тұлғаларға арналған автолизинг ресми іске қосылғанымен, бағдарлама толық жұмыс істемей тұр. Бір ғана автокөлік лизингке берілген, ал дилерлік орталықтар шарттардың әлі белгісіз екенін растап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Время басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Астанадағы дилерлік орталық  менеджерлері автокөлік лизингі әлі қолжетімсіз және бағдарламаның шарттары белгісіз екенін хабарлады. Қызметкер автолизинг қашан басталатыны туралы алдағы уақытта мәлімдейтінін айтты. 

Жоба енгізілу кезінде-ақ қиын экономикалық жағдайларға тап болған. Талқылаулар барысында лизинг мөлшерлемесі 45%-ға дейін жеткен. Десе де кейін мөлшерлемені 36%-ға дейін төмендетті. Талдау бұл көрсеткіштің өзі қазақстандықтарға шамадан тыс ауыр екенін көрсетті және автолизингтің бұқаралық өнімге айналмайтыны анықталды. Осыдан кейін нарықтық емес әдіске жүгініп, мөлшерлемені әкімшілік жолмен 15%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылданды.

“Үкімет, банктер және лизинг компанияларының талқылауларынан кейін азаматтар үшін автолизингтің максималды мөлшерлемесі 15%-дан аспауы керек деген шешім қабылданды. Бұл өнімнің экономикасын түбегейлі өзгертеді және оны халықаралық тәжірибемен салыстыруға мүмкіндік береді. 45% → 36% → 15% жолы – бұл лизингті "қымбат эксперимент" емес, азаматтар үшін нақты, тиімді құралға айналдыруға бағытталған кезеңді жұмыс”, – деді депутат Олжас Құспеков Facebook парақшасында.

Жалпы алғанда, автолизинг механизмі әлі толық қалыптаспаған, оның жұмыс істеу шарттары нақты айқындалмаған. Депутаттың пікірінше, әлеуметтік осал топтарға арналған субсидияланған автолизинг қажет және мұндай бастама өміршең бола алады.


"Көліктер лизингке беріледі, ұялы байланыс тарифтері қымбаттайды": Қазақстанда 1 желтоқсаннан бастап не өзгереді


Көлік лизинг компаниясының иелігінде болады: Желтоқсанда іске қосылатын жаңа бағдарлама жайлы не белгілі


Ал Құсбековтің зейнетақы жинақтарын лизинг қарызын өтеуге пайдалану туралы ұсынысы күмәнді PR бастама болып көрінеді. Себебі зейнетақы жинақтары бастапқыда тұрғын үй сияқты халықтың негізгі қажеттіліктерін өтеуге бағытталған. Автокөлік болса тұтынушылық актив, әрі жыл сайын құнын жоғалтады.

Бұл өте күмәнді ұсыныс. Егер оны жүзеге асырса, қазақстандықтардың болашақ зейнетақысы азаяды, адамдардың қарызы көбейеді, ал көлік бағасы одан әрі қымбаттайды. Себебі бұрын дәл осындай жағдай тұрғын үй нарығында болған еді. Сонымен бірге, біздегі автосалондардың көбісі көлікті толық өндірмей, жай ғана құрастырады. Сондықтан сатып алушылар төлеген ақшаның басым бөлігі, шетелге кетеді. 

Депутаттың айтуынша, жеке тұлғаларға автолизингті кең көлемде іске қосу үшін әлі көп дайындық қажет. Лизингтік компаниялар өздерінің ішкі IT-жүйелерін, мемлекеттік қызметтермен байланысын және өтінімдерді өңдеу жүйесін толық реттеп алуы тиіс. Сонымен қатар салық салу сияқты бірқатар нормативтік мәселелерді шешу керек. Осылар толық дайын болғанда ғана нарық бір реттік тәжірибеден толыққанды, жаппай жұмысқа өте алады.

Лизингтің алғашқы пилоттық жобасы келісімі автодилер тарапынан сынақ ретінде жасалған. Клиент KIA Soluto маркалы жаңа көлікті таңдаған. Оның бағасы – 8–8,5 миллион теңге. Бастапқы жарна – 10%, лизинг мерзімі – 3 жыл, мөлшерлеме – 15%.

Автодилердің айтуынша, бұл алғашқы мәміле жүйенің қалай жұмыс істейтінін тексеруге, қандай қиындықтар барын анықтауға және жобаны кеңейтуге қажет ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді. Егер тәжірибе сәтті болса, автолизинг басқа көлік модельдеріне де таралуы мүмкін.

Автосалон келісімнің барлық деректерін құпия болғандықтан жария етпейді, бірақ лизингтік компания негізгі шарттарды түсіндірді.

Міндетті төлемдер тізімі:

мәмілені рәсімдеу комиссиясы – 1%;

КАСКО автосақтандыруы міндетті;

автокөлік иесінің азаматтық жауапкершілігін сақтандыру;

көлікті тіркеу және қайта тіркеу;

көлік салығы;

техникалық байқау;

ақылы жолдар;

мүмкін айыппұлдар;

GPS орнату құны.

Көлікті өз атына мерзімінен бұрын рәсімдеу үшін қосымша төлем де қарастырылған. Жылдық тиімді мөлшерлеме, яғни көліктің шын мәніндегі құнын көрсететін көрсеткіш 36%-ға дейін жетуі мүмкін. Сондықтан бағасы 8 миллион теңге тұратын көлік үшін тек пайыздар бойынша 2 миллион теңгеден аса шығын шығады. Ал барлық міндетті қосымша төлемдерді қоссақ, жалпы артық төлем 3 миллион теңгеден де көп болуы мүмкін.

Айта кетейік, бұған дейін 1 желтоқсаннан бастап Қазақстанда жеке тұлғаларға арналған жаңа автолизинг бағдарламасы іске қосылатынын хабарлаған едік. 

Жұмаділлә Нұрила
Сәрсенбі, 10 Желтоқсан, 2025 17:15