1 желтоқсаннан бастап қазақстандықтар үшін Байқоңыр қаласына кіру тәртібі өзгереді
Енді қазақстандықтарға жабық қалаға кіруге рұқсат алу үшін алдын ала құжат тапсырудың қажеті жоқ. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Президенттің "Байқоңыр" кешеніндегі арнайы өкілі Қайрат Нұртайдың айтуынша, Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясында жасалған келісім 1 желтоқсанда күшіне енеді.
Байқоңырға кіреберісте бақылау-өткізу пункті орналасқан. Қалаға кіріп-шығу тәртібін әскерилер қадағалайды. Ол үшін арнайы құжаттар жинақтап, кемінде 10 күн бұрын қала әкімшілігіне қызметтік немесе жеке мәселе бойынша Байқоңырға кіру жөнінде өтініш беріледі. Содан кейін рұқсат қағазын әзірлеу процедурасы жүреді. Жедел рұқсат қағазы төтенше жағдайларда, мысалы, туған-туысы қайтыс болғанда беріледі.
“Үкіметаралық келісім бойынша Байқоңырға қонақ болып келетін болсаңыз, арнайы режим комиссиясына барып, келісім бойынша 10 бұрын өтініш беруіңіз керек. Осы келісімге өзгеріс енгізілді. 1 желтоқсаннан бастап бақылау-өткізу бекеті пилоттық режимде қазақстандықтарды кіргізеді”, – дейді Қайрат Нұртай.
Байқоңыр – Ресейге ұзақ мерзімге жалға берілген қазақстандық қала. Қолданыстағы мемлекетаралық келісімдерге сәйкес, "Байқоңыр" кешені (оның құрамына ғарыш айлағы мен қала кіреді) 2050 жылға дейін Ресей Федерациясына жалға берілді және осы уақыт ішінде ол Ресейде федералдық маңызы бар қала мәртебесіне де ие болмақ.
Бүгінде Байқоңырда 75 мыңға жуық адам тұрады. Оның үштен екісі қазақстандықтар.