Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"1 триллионға сауда орталығы, 300 миллиардқа жағажай": Мәжілісмендер 15 триллион теңгеге салынатын жобаларды сынға алды

“Ақ жол” партиясының депутаттары премьер-министр Олжас Бектеновке депутаттық сауал жолдап, елде 15 триллион теңгеге жүзеге асырылатын жобалар жайлы деректерді талап етті. Сонымен қатар бұл қаражаттың ел бюджетінде көрсетілмегеніне наразылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

ақша сток

Фото: pixabay.com

Мәжілісмендер 15 триллион теңгеден астам қаржы жұмсалатын 17 жобаның тізімі барын алға тартты. Олардың негізгі бағыты болат, мұнай өңдеу, тыңайтқыштар, химия өндірісі, автоөнеркәсіп, туризм, қосылған құны жоғары тамақ өнеркәсібі өнімдерінің экспорты бар екен. 

“Бұл жобаларды іске асыру, 26 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашады, экспортты 6 триллионға арттырады және  импортты алмастыруды 1,5 триллион теңгеден астам сомаға қамтамасыз етеді деп күтілуде. Бұл шаралар, жоғары технологиялық өндірістерді құруға, жергілікті кадрлардың біліктілігін арттыруға және отандық өндірушілермен оффтейк-келісімшарттар жасасуға ықпал етуі тиіс. Өнімділігі жоғары және экспортқа бағдарланған өңдеу өнеркәсібін дамытуға бағытталған кез келген шараларды "Ақ жол" демпартиясы әрқашан және жан-жақты қолдайтындығы баршаға мәлім. Алайда, бүгінгі күнге дейін, қандай ірі жобалар туралы айтылып жатқаны және оларды қандай көздерден қаржыландыру жоспарланғаны белгісіз”, – делінген сауал мәтінінде. 

Депутаттар ресми дереккөзде, жобалардың нақты атаулары берілмейді, тек жекелеген жағдайларда құрылатын қуаттардың күші ғана көрсетілгеніне наразы. Оның үстіне 2025-2027 жылдарға арналған үш жылдық республикалық бюджетте мұндай инвестициялар туралы ақпарат жоқ дейді.

“15 триллиондық сома бүкіл республикалық бюджеттің шығындарымен салыстырмалы екенін ескерсек, олар туралы толық ақпараттың тапшылығы белгілі бір сұрақтар туғызады. Мысалға, бұқаралық ақпарат құралдарында инвестициялардың болжамды сомалары мен компаниялардың атаулары бар 17 жобаның тізімі жарияланады. Журналистердің құрметіне, олар бұл тізім болжамды екенін және ресми дереккөзде көрсетілген сипаттамаларға ұқсас жобалардан құрылғанын мойындап отыр. Бұл тізімде металлургия, автомобиль, химия және тамақ өнеркәсібі, туризм салалары да атап өтілген. Алайда, тізімде көрсетілген жобалардың ішінде 1 триллион теңгелік құны бар аквапарк, сауда-ойын-сауық орталығы, қонақ үй салу жоспарланып отырған, Кіші Талдыкөлдің маңындағы кешеннің құрылысы сияқты күмәнді жобалар бар. Немесе Маңғыстау облысындағы 317 миллиард теңге сомасына "Жылы жағажай" жобасын атап өтуге болады”, – деп қосты депутаттар. 

Депутаттар 1 триллионға сауда орталығын құру, немесе 300 миллиардқа жағажай салу өнеркәсіптік негізге жатады деп айту қиын екенін атап өтті. Сондықтан депутаттар келесі ұсыныстарын енгізді:

  • Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған, жобалар мен оларды жүзеге асыратын компаниялардың тізбесін растауды немесе теріске шығаруды;
  • Рас болса, неліктен осыншама (15 триллион) мемлекеттік қаржыны талап ететін жобалар бюджетте көрсетілмей кеткеніне түсініктеме беруіңізді;
  • Осы жобаларды кім және қандай критерийлер бойынша іріктеу жүргізілгенін хабарлауды;
  • Жобалар республикалық бюджетте көзделмегенін ескере отырып, олар қандай қаражаттан қаржыландырылатынын көрсетуді;
  • Жобаларды жүзеге асыру барысында, теріс, атап айтқанда сметаларды негізсіз қымбаттау, материалдардың құнын арттыру арқылы, т.б. пайдалану мүмкіндігін болдырмау мақсатында, бюджеттік рәсімдерді қолдануды мәселесін қарауды;
  • Экономиканың өнеркәсіптік негізін құру талаптарына сай келмейтін жобаларды, аталған тізбеге енгізудің орынсыздығы мәселесін қарауды сұрайды.
Талқылау